Халал тағамдар жөнінде ақпарат берілді

ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен   «Орал»  орталық мешітінде  «Адал ас – дініміздің діңгегі» тақырыбында  семинар өтті деп мәлімдейді өкілдіктің баспасөз қызметі.

Семинарға ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нің эксперт-технолог маманы Айжан Омарова, облыстық орталық мешіттің бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев,  «Халал Даму» ЖШС-ның БҚО бойынша жауапты өкілі Асхат Асылбеков, ҚМДБ-ның «Әйел-қыздар» секторының БҚО бойынша өкілі, орталық мешітінің ұстазы  Анаргүл Демеутова қатысты.

    Нұрсұлтан қаласынан келген Айжан Қалмаханқызы  дәріс оқып,  әр өңірдегі «Халал Даму» мамандары атқарып жатқан жұмыстарды таныстырып, «халал және харам» тұрғысында жалпы мәліметтер, қазіргі тамақ индустриясындағы қолданылып жатқан тағам дайындау технологиялары, «Е тағамдық қоспалар», облыс  бойынша «ҚМДБ халал» сертификатына ие болған кәсіпорындар, елімізде алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейде халал индустриясы саласында атқарылатын жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар жиналған қауым  көкейде жүрген  сауалдарына жауап берді.

«Халал Даму» серіктестігі мамандары семинардан кейін Оралдағы ірі қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасымен шұғылданатын кәсіпкерлермен  жүздесті. Қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге шариғат талаптарына сай халал өнім өндіру, тұтынушыларға «Адал ас» ұсынудың маңыздылығы айтылды. Елбасымыздың «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес елімізде халал индустриясын дамыту, отандық және экспорттық сауда көлемін ұлғайту, болашақ ұрпақтың амандығы үшін «халал азық» өндіруде бірлесе жұмыс атқарудың маңызы айтылып, кәсіпкерлерге сертификат алу жолдары түсіндірілді.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *