Соңғы айларда Орал қаласында бірнеше жол-көлік оқиғалары тіркелді. 2019 жылдың басынан бастап 118 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 34 адам көз жұмса, 151 адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Осындай мезгілсіз апаттың алдын алу мақсатында қала аумағында 25 қыркүйек – 5 қазан күндері аралығында «Қауіпсіз жол» атты жедел алдын-алу шарасы басталды.
Шара барысында басқарманың жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген түріне көшірілді. Олар күндіз-түні жол үстінде тұрып, қозғалысты қадағалап, жылдамдықты үдетпеуді тексерді. Орал қаласына жақын орналасқан «Желаев», «Деркөл», «Круглоозерное», «Серебряково», «Комминтерн» сынды ауылдық округтерге учаскелік полиция инспекторлары көптеп тартылды. Жылдамдық режимін бұзушылықтардың алдын алу бойынша арнайы рейдтер де ұйымдастырылды
Көлікті мас күйде басқару, қозғалысты белгіленген жылдамдығын арттыру және басып озу, қауіпсіздік белдіктерін қолданбау, ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жандандырылды. Жедел алдын-алу шарасы аясында рейдтік іс-шаралар өтті. Орал қалалық полиция басқармасының жеке құрамы шара басталғалы бері сегіз күн ішінде 1167 азаматтың жол қозғалысы ережесін бұзғанын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін – 17 жүргізуші, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 198 жүргізуші, ұялы телефонмен сөйлесіп көлік басқарған – 119 азамат, маневр жасау ережесін бұзған – 54, құжатсыз көлік құралын басқарған – 24 тұлға, жолдың қарсы бағытына шыққан – 65 жүргізуші, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өткені үшін – 42 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, жолдың белгіленбеген тұсынан өткен –132 жаяу жүргінші, 168 жүргінші басқа да жол ережесіне қатысты заң талаптарына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасынан қаза болғандар саны 14 пайызға өскен. Жолда жүру ережесі баршамызға ортақ, заң талаптарына көлік жүргізушісі де, жаяу жүргінші де бағынуы тиіс. Сонда ғана өзіміздің өмірімізді сақтап, өзгелердің жан амандығына себепкер боламыз.
Орал қ.ПБ баспасөз қызметі