Жемқорлықты жүгендеуге атсалысуда

Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында жеке құраммен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шаралар өтеді. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Қоғам үшін қауіпті кеселмен күресудің тиімді жолы – оның алдын алу, оған мүлдем төзбеушілік танытып, күнделікті қарым-қатынаста ешқандай жол бермеу. Ал алдын алу дегеніміз – сыбайластықты болдырмау үшін түрлі шаралар өткізу. Бұл індетпен күресу мақсатында қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы ұжымы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ҚР Заңының аясында арнайы сабақтарды жиі ұйымдастырады.

Бүгін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллиннің қатысуымен өткен дөңгелек үстел – соның дәлелі.

Дөңгелек үстелді ашқан басқарма бастығы, подполковник Рафхат Мәжитов мемлекеттік қызметші өз еліне және атқаратын қызметіне адал болуы тиіс екенін баса айтты. Ал аталған департаменттің өкілі Біржан Марданұлы өңірімізде орын алған сыбайлас жемқорлық фактілеріне тоқталды. Осындай құқықбұзушылыққа итермелейтін себептерді ашық айтты.

Кездесу соңында  тақырыпқа байланысты бейнероликтер көрсетілді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *