«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы мектеп оқушылары мен студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Жаңа оқу жылында Тимур Құлыбаев оқушылар мен студенттерге табыс, мақсатқа жетуде тынымсыз еңбекқорлық пен жаңа жетістікке жетуде жігерлілік тіледі.
Төралқа Төрағасы биыл «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» атты жаңа пән енгізілетінін атап өтті. Бұл пән элективті негізде, яғни оқушылардың таңдауы бойынша жүргізіліп, түлектердің кәсіби бағдар алуына, олардың іскерлік және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Көпшілігіңізге жаңа пән бизнес әлеміне жетелейтін алғашқы қадам болмақ. Бұл пән арқылы сыни ойлай білу дағдысын, қалыптан тыс ойлай білу арқылы кез келген қиын жағдайда дұрыс әрі тез шешім қабылдау қабілеттерін игеруге, командалық рухтың маңыздылығын бағалауға және кәсіпкерлік негіздерін тануға зор мүмкіндік ашады. Мұның бәрін үйрену қолдарыңыздан келеді»,– деді Тимур Құлыбаев.
Жаңа пәннің ерекшелігі — оның ойын формасында оқытылуында, ал әр сабақ отандық компаниялардың нақты бизнес-кейстеріне негізделіп өткізілетін болады. Оқытушылармен қатар осы пәнді тануға барлық өңірлердегі отандық бизнестің «капитандары» – танымал әрі табысты кәсіпкерлер де атсалысатын болады.
«Бизнесмендер сіздердің басты үлгі тұтар тұлғаларыңызға айналады. Олар жеке табыс тарихымен бөлісіп, бизнестегі қиын жағдайлардан қалай сүрінбей өтуге болатынын айтып, кәсіпкерліктің негізгі қағидалары мен заңдылықтарын түсінуге үйретеді. Жеке кәсіпті ашудың тиімді әдістерін, қаражатты қайда ұтымды салу керектігін, жаңа серіктестерді табу жолдарын және неліктен ең ұтымды салым – қызметкерлер, «адами капитал» екендігін түсіндіреді. Біз отандық бизнесмендерге «Атамекен» бастамасын қолдағандары үшін алғыс білдіреміз. Осылайша танымал кәсіпкерлер өз тәжірибелері арқылы жаңа оқу пәнін енгізуде зор үлес қосуда», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түлектер мен студенттердің барлығын дерлік бизнеске тартуды көздемейтінін, ең бастысы «кәсіпкерлік» – «істі қолға алу, алдын ала қамдану» деген ұғымды білдіретінін атап өтті. Ал бұл – қазіргі сұранысқа сай әмбебап дағды.
«Әрқайсыңыз алда қызметтік мансап құрасыздар. Компанияда жұмыс істесеңіз де, жеке кәсіп ашасыз да, жаңа белестерді игеруге тура келеді. Жеке кәсіп ашып, мемлекетке пайда әкеліп жүрген «бизнестегі капитандарымыз» бұл бастаманы қолдайтынына сенімдімін», – деп атап өтті Ұлттық палата басшысы.
Сонымен қатар Тимур Құлыбаев «АЛМЭКС – Астана» корпоративті қорының қолдауымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Atameken Academy» білім беру онлайн-сервисін іске қосқанын еске салды. Бұл платформа арқылы кез келген азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, өзінің бизнес-идясын бизнес-жоспарға дейін жеткізе алады.
«atameken.kz»