
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесу барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 33 мың адамға дейін тұруға арналған атомшылар қалашығы Үлкен ауылының құрамына біріктіріледі. Мұнда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, оқу орталықтары, қонақүйлер салынып, қызмет көрсету саласы мен кәсіпкерлік дамытылады.
Сондай-ақ ауылға заманауи цифрлық шешімдер енгізіліп, Балқаш жағалауындағы озық елді мекендердің біріне айналдыру көзделген. Табиғи мүмкіндіктерін ескере отырып, туризмді дамыту да жоспарланып отыр.
АЭС құрылысының қызған шағында 15 мыңға дейін жұмысшы қажет болса, станция пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мың маман жұмыс істейді. Кадрлар Қазақстанның бейінді оқу орындарында, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің білім беру ұйымдарында даярланады.
Бұдан бөлек, атом саласының қызметкерлеріне «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі. Жоба жастарға жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіби дамуына және тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне жол ашады.
