Мерейлі жастарымен құттықтады


Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің» ұжымы қос қызметкерін зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.

Білім ордасындағы тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға зор еңбектерін сіңірген Ерсайын Хайруллин мен Тыныс Хайдаровты 63 жасқа толған мерейтойларымен құттықтау іс-шарасынауниверситеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов қатысты. Мерейтой иелеріне басқарма төрағасы-университетректоры Асқар Наметовтің құттықтау хатын табыстап: – Дәстүрлі түрде зейнет жасына толған қызметкерлерімізді құрметпен шығарып салмақпыз. Оқу орнында бірнеше жыл жұмыс істеген Ерсайын Қажымұратұлы мен Тыныс Қайыржанұлына алғысымыз шексіз. Университет ұстаздары мен қызметкерлері сіздерді жақсы біледі, сыйлайды. Ендігі уақытта тер төгіп жасаған еңбектеріңіздің зейнетін көріңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілейміз, немере қызығына бөленіп аман жүріңіздер, – деп, ақжарма тілегін арнады.

Жиында сөз алған «Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің» басшысы Жанболат Мусадиевәріптестеріне салауатты да баянды ғұмыр тілеп, осындай аға буын өкілдерінің өз ісіне деген жауапкершіліктерін өзгелерге үлгі етті. Осы бөлімде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан ЯкубЖарылғасов та екі азаматпен бірге еңбек еткен уақыттарын еске түсіріп, оларға құрмет көрсеткен университет басшылығына ризашылығын жеткізді.Мерейтой иелерінің бірге қызметтес болған әріптестері де ағаларына ақ жол тілеп, олардың үлгіболарлық тұстары көп екенін атап өтті.

Университет жатақханасындағы қауіпсіздікке жауаптылардың бірі болған Ерсайын ағаның 2008 жылы наурыз айында орын алған төтенше жағдай кезіндегі батыл әрекеті де әңгіме болды. Осы оқиғаны тағы бір мәрте есіне түсірген ағамыз: – 2008 жылы 7 наурызда түнгі сағат 01.20-да жоғарғы қабаттың старостасы «газдың иісі шығып жатыр» деп келді. Дереу басшыларға хабар беріп, өзім уақыт жоғалтпай бесінші қабатқа көтеріліп, терезелерді аштым. Қыз балалар газдың иісіне уланып, естерінен танып құлап жатты. Оларды тездетіп бір-бірлеп көтеріп, төменге түсіре бастадым. Он екі жедел жәрдем көлігі келді. Газға уланған 56 студентті ауруханаға алып кетті, – деп есіне алды. Төтенше жағдай кезінде сабырлылық танытып, табан астында әрекетке көшкен күзет қызметкері газға уланған 57-ші адам болып, өзі де ауруханаға түскен. Ал таңмен дәрігерлерге қолхат жазып беріп, кезекшілігін тапсыру үшін қайтаданжұмыс орнына келіпті.

Мерейлі 63 жасқа толып, осы күнге дейін өздері темірдей тәртіпке бағынып қызмет еткен білім ошағынан абыроймен зейнеткерлікке шығып жатқан қос азамат барлық құрмет-қошеметке алғыстарын жаудырды. 

БҚАТУ-дың медиа-орталығы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *