Орал шаһарында көпқабатты үйлердің аулаларын жаңарту, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ойыны мен жаттығулар жүргізуіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Тамыз айында бес аулада спорттық және балалар ойын алаңы пайдалануға берілмек.
Биыл қалада заманауи үлгідегі 20 спорттық және ойын алаңын салу жоспарланған болатын. Бұл алаңдардың құрылыс жұмыстарын «Жайық Сити» ЖШС жүргізуде. Жоспарланған алаңдардың бұған дейін алтауы тұрғындар игілігіне пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін қалған 14 нысанның құрылысы жалғасады. Оның бесеуі осы тамыз айының ішінде аяқталмақ. Мәселен, Құрманғазы көшесі бойындағы көпқабатты үйлер ауласындағы спорттық және ойын алаңының құрылыс жұмыстары тәмамдала келген. Қазіргі уақытта мердігерлер ойын жабдықтарын орнатуда. Одан соң ересектерге арналған жаттығу құрылымдары да жеткізілмек.
–Жобада шағын футбол алаңы, ойын және жаттығу элементтерін орнату, жарықтандыру, көгалдандыру қаралды. Мердігер тапсырысқа сай құрылыс жұмыстарына 100 пайыз отандық өнімдерді қолдануда. Оның ішінде балаларға арналған ойын құрылымдары жергілікті «ГласСервис» ЖШС-ның өнімдері, – деді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Бейбіт Кәшім.
Аталған мекенжайдағы нысанның жалпы аумағы 1877 шаршы метр. 419 шаршы метр аумаққа жол төселген. Жасанды көгалмен жабылған шағын футбол алаңы 1008 шаршы метр.