Орал қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі мен ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары – Орал қаласындағы білім беретін мектептердің оқушыларымен, ата-аналарымен, отбасындағы қамқоршыларымен, мектептің педагогикалық ұжымымен тығыз қарым-қатынас орнатқан қызметкерлер. Мектеп инспекторы – әр жасөспірімнің отбасындағы ата-анасынан кейінгі жанашыр, құқықтық мағлұмат беретін, сауаттылығын аттыратын тұлға.
Сонымен қатар өздері қызмет көрсететін аймақтағы мектептермен бірлесе жұмыс жоспарын дайындап, сол жоспар негізінде түрлі мәдени, көпшілік іс-шараларды бірлесіп өткізеді. Жас жеткіншектер арасында құқықтық тәрбие жұмыстарын жақсарту, қылмыстың алдын алу, болдырмау және тосқауыл қоюға да жауапты болып бекітілген мамандар.
Орал қалалық ПБ ЖПҚ ЮПб инспекторы полиция лейтенанты Анаргүл Рахметқали жас болса да, өзіне талап қойғыш, үнемі ізденіс үстінде жүретін жан. Оның балалық шағы Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылында 1996 жылғы туған. Осы ауыл мектебінде 9 сыныпты жақсы бағамен аяқтаған. 2012 жылы Орал қаласындағы педагогикалық колледжің ағылшын тілі мамандығына оқуға қабылданған. 2016 жылы аталмыш колледжді тәмамдап, Қостанай қаласындағы Ш.Қабылбаев атындағы академияның 1 курсына курсант болып қабылданды. Ол студенттік жылдарында ширақ қимылды, әр істі тез арада орындап, шапшаң шешім қабылдай алуымен академия басшыларының көзіне түсіп, курс командирінің оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін мінсіз атқарды. Оған полиция кіші сержанты шені берілді. Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Қостанай академиясын 2020 жылы аяқтап, Орал қалалық ПБ ЖПҚб ювеналды полиция бөлімшесіне инспектор лауазымына тағайындалды.
Бүгінгі күні Деркөл кентіндегі №14 учаскелік полиция пункітіне бекітілген полиция лейтенанты Анаргүл Тынышқалиқызы №48 және №49 мектептерде оқитын оқушылардың тәртібіне жауапты сақшы. Сонымен қатар спорт мектебі, №12 мектеп және Қазақ-түрік лицейіне де қызмет көрсетіп, әр білім ошағының педагогикалық ұжымымен ынтымақты байланыс орнатып жүр.
№48 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрия Мағауияқызы, №49 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анарбек Хамитов сынды ұстаздармен жақсы байланыс орнатқан.
Мектеп оқушыларының тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, тексерістерді бірлесе өткіземіз, – дейді полиция лейтенанты Анаргүл Рахметқали.
Әлеуметтік педагогтармен де бірлесе жұмыс жоспарын құрып, қиқарлау жасөспірімдерді түзу жолға салу, тентектерді тезге салу мақсатында профилактикалық әңгімелесулер өткізеді. Ата-аналар жиналысына қатысып, ата-аналар алдында түрлі тақырыптармен лекциялар оқу өз алдына бір төбе жұмыс болмақ.
Анаргүлдің спорттан да хабары бар. Қостанай академиясында 4 жыл оқу мерзімі барысында каратэ мен қоян-қолтық ұрыстан жүлделі орындардан көрінген. Сабағынан қалт етсе, жаттығу залдарынан табылады. Каратэден қарсылас шақ келтірмеген Анаргүл сол кездегі жаттықтырушысы болған Мади Бақытбекұлына зор алғысын айтады. Осы күнге дейін спорттық жаттығулардан қалмауға тырысады.
Қызмет барысында өзі қызмет көрсететін аймақтағы мектепің оқушыларымен жеке сөйлесіп, ұлдармен, қыздармен әңгіме жүргізеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың профилактикасы тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады. Мектеп инспекторы жастарды тәрбиелеу мақсатындағы бірлескен іс-қимыл нәтижесін беретінін айтады.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі