Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тетіктері жетілдірілуде. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәжілісінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Ғалиев мәлімдеді.
– Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейшілік шегінен төмен жеке адамдарға, отбасыларға мемлекеттен берілетін шартты ақшалай көмек. Елімізде осы жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жаңа форматта ұйымдастырылған болатын. Жыл басынан бері Орал қаласы бойынша 12 мыңнан астам адам осы көмекақыны алуға құжаттарын ұсынды. Соның ішінде сегіз мыңының табыстары кедейшілік шегінен асып кетуіне байланысты АӘК тағайындаудан бас тартылды. Бүгінгі таңда 3692 адам құжаттарын тапсырып, олардың 3577-сіне аталған көмек тағайындалды, – деді Ерлан Ерсайынұлы.
Аталған көмекке құжат тапсыру барысында отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, шартты немесе шартсыз атаулы әлеуметтік көмек түрлері анықталады. Шартты АӘК төлеу кезінде отбасындағы жұмысқа қабілетті адаммен міндетті түрде әлеуметтік шарт жасалады. Соған сәйкес оларды еңбекпен қамту жолдары қарастырылады. Осындай тәртіппен 244 жұмыссыз азамат анықталып, тиісінше 169-ы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Сонымен қатар 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, бесеуі кәсіби оқытуға жолданған. Бұлардан бөлек төрт оралдық өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алған.
Бөлім басшысы биылғы тамыз айында АӘК ережесіне жаңа өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Соған сәйкес күні бүгінге дейін АӘК алуға құжат тапсырушылардың табыстары қайта есептеліп, солардың арасынан өз табыс көздерін жасырғандар анықталған. Нәтижесінде бірінші және екінші тоқсан қорытындысы бойынша отбасы кірісін жасырып қалған 362 тұлғаның әрекеті әшкере болған. Осы шаралар нәтижесінде 164 жанұяға АӘК төлеу толықтай тоқтатылған. Тоғыз отбасы осыған дейін заңсыз алып келген әлеуметтік көмек қаржысын толықтай қайтарса, қалғандарына жазбаша ескерту жасалған. Олар да мемлекеттен алған көмекақыларын белгіленген уақытта қазынаға қайтармаса, сот органдары арқылы тиісті шаралар қолдану көзделуде.
– Ел Президентінің биылғы Жолдауында АӘК төлеуді нақты кедейшілік шегіндегі төмен табысқа ие азаматтарға беру, соның ішінде көпбалалы отбасыларды қорғау, мұқтаж адамдарға тиесілі әлеуметтік көмекті нақтылау жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің жаңа үрдістері жасақталды. Қазір халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе заңды күшіне 2020 жылдың 1 қаңтарында толық енгізіледі, – деді қалалық жұмыспен қаму және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Ғалиев.
Енді атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасындағы кәмелет жасына толмаған балаларға төленеді. Төрт балалы отбасына – 42500, бес балалы – 53125, алты балалы – 63750, жеті балалы жанұяға – 73370 теңге көлемінде міндетті мемлекеттік көмек көрсетіледі. Яғни АӘК төлеу тәртібі одан әрі жалғасады, алайда жаңаша тәсілмен төлеу қарастырылуда. Егер отбасына төленетін барлық табыс көзі кедейшілік шегінен төмен болса, сол айырмашылық ата-анасына да, балаларына да төленеді. Мысалы, қазіргі уақытта отбасы балаларының әрқайсысына – белгіленген тиісті АӘК, ал ата-анасына кедейшілік шегі мен екі ортадағы айырмашылық төленіп жүр. Енді жаңа жүйе бойынша жанұяның барлық мүшелеріне бірдей кедейшілік шегі мен екі ортадағы айырмашылық төленеді. Тағы бір айта кетерлігі, осыған дейін жұмыстан бас тартқан отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне ғана АӘК төленбейтін еді. Жаңа ереже бойынша еңбекке араласуға құлықсыз отбасы мүшелерінің кесірінен сол жанұяға мемлекеттік әлеуметтік көмек толықтай тоқтатылатын болады.
Күні бүгінге дейін аналар сәбиі жеті жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты үйде отырып келді. Жаңа форматтағы ереже бойынша баласы үш жасқа толған аналарға белсенді жұмыс түрімен айналысуға мүмкіндік қарастырылады. Мысалы, оларға өздерінің жеке кәсіптерін ашуға, еңбекпен қамту бағдарламасы арқылы белгілі бір мамандыққа оқуына болады. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған гигиеналық құралдарға, мектеп формасымен қамтамасыз етуге, мектепте ыстық тамақпен қамтуға, қоғамдық көліктерге тегін немесе жеңілдікпен жүруге кепілдік беретін әлеуметтік пакет қарастырылады.
Мұндай мақсатты жұмыс мемлекеттік көмекті шынымен де мұқтаж адамдарға бағыттауды көздейді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ