«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында оралдық 170 шаңырақтың баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Ол үшін өтініш білдірушілердің әлеуметтік жағдайы бағдарлама шарттарына сәйкес келуі тиіс.
Аталмыш бағдарламаның талаптары жайында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары мәлімет берді.
Тұрғын үй жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиевтің айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жасақталған. – Біздер құжат қабылдауды биылғы 18 сәуірден бастап кеттік. Біріншіден, өтініш білдіруші тұрғын үй кезегінде тұруы тиіс. Олардан үш санат бойынша құжаттар қабылдануда. Атап айтқанда, толық емес, көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұялар аталған бағдарламаға қатыса алады. Орал қаласы бойынша 80 – көпбалалы, 45 – толық емес, сондай-ақ 45 – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыға баспана беру жоспарланған, – деді сектор меңгерушісі.
Құжаттар қабылдау ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үй кезегі тәртібіне негізделеді. Себебі, тұрғын үй кезегіне аталған санаттағы отбасылардың әр жылдарда тіркелуі мүмкін. Ал құжаттар кезегі келген азаматтардан ғана қабылданады. Алайда кезегі келген отбасы мұндай жобаға қатысудан бас тартқан, құжаттары банк тарапынан мақұлданбаған немесе басқа да себептерге байланысты бұл бағдарламамен үй алу мүмкіндігі болмаған жағдайда кезектегі рет саны бойынша аталған санаттағы келесі азаматтардың өтініштері қаралады.
Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тұрғын үй жекешелендіру секторы мамандарынан кеңес алуы керек. Одан әрі мамандар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолдама береді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысы аумағынан берілетін тұрғын үй құны 10 млн. теңгеден аспауы тиіс.
Бастапқы жарнасы баспана құнының 10 пайызын құрайды. Жылдық пайыз – екі пайыз, ал пәтердің толық құнын өтеу мерзімі – 20 жыл.
Сектор меңгерушісі Ерлан Шайхиевтің мәліметінше, бүгінде 19500-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде толық емес отбасылар 3500-ден асса, 800-ден астамы – көпбалалы, 900-ден астамы – мүгедек балалар тәрбиелеп отырған жанұялар екен.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ