Бүгін Оралда генерал-майор Анатолий Дружининді еске алуға арналған шахматтың блиц және рапид түрлерінен халықаралық турнир басталды. Атаулы шара биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Спорттық шараға Азия ойындарының чемпионы, халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев, Өзбекстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі, халықаралық гроссмейстер Алексей Барсов, сондай-ақ Ресей Федерациясының Санкт-Петербург, Самара, Орынбор қаларынан және еліміздің өзге облыстары мен өңірімізден елуге тарта ойыншы қатысты. Зейінділікті талап ететін жарыста балалар мен жастар, ардагерлер және әуесқой спортшылар бақ сынады.
Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевның айтуынша, алдағы уақытта дәстүрлі турнир өз жалғасын таппақ.
– Биыл турнирге екінші рет қатысып отырмын. Дәстүрге айналған жарысқа қатысушылар саны артуда. Жас талғамайтын ойынның пайдасы мол. Кей мемлекеттер сияқты мектеп бағдарламасына енгізсе, құптарлық іс болар еді,– дейді Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, шахматтан спорт шеберіне үміткер Нұрболат Қадырғалиев.
Ал шахматты бала кезінен ойнап келе жатқан 61 жастағы әуесқой шахматшы Қанат Бейсековтің аталмыш турнирге бұл жылы төртінші мәрте қатысуы екен. Қария әркез «Ардагерлер» клубының шахмат үйірмесіне барып тұратынын айтты.
Спорттық жарыс 19-21 шілде күндері аралығында өтетін болады.
Гүлзинат ҚИБАТОВА