Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізілуде. Осы маңызды қадамға шын жанашырлық танытып жүрген тіл жанашырларының да өз айтары бар. Біз ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының аға оқытушысы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, ғалым Болат Жексенғалиевпен сұхбаттасып, мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде ой қозғадық.
– Болат Өтеғалиұлы, Елбасы тапсырмасына орай латын әліпбиіне көшу реформасына қатысты жұмыстар басталып кеткені белгілі. Сол жұмыстарға тіл маманы ретіндегі көзқарасыңыз?
– Қазақ жазуын латын графикасына көшіру – тіл саясатын жүргізудегі үлкен шешуші іс. Бүгінде графика, яғни таңба мәселесінде бәрі анық, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Бұл бағытта ҚР Үкіметінің «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» қабылданып, нақты іс-шаралар басталып кетті. Білім және ғылым министрлігінде оқытушыларды, оқулықтар мен әдістемелік құралдарды даярлау жұмыстары, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен облыстық әкімдіктерде жалпы жұртшылыққа латын графикасын үйрету жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынды. Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарына 2019-2021 жылдары арнайы семинарлар мен курстар арқылы мемлекеттік қызметшілерді латын графикасы негізіндегі ресми жазылымға үйрету міндеті жүктелді. Академияның БҚО бойынша филиалында осы бағытта жұмыс жоспары, курстар кестесі жасалып, наурыз айынан басталған арнайы семинарларда бүгінге дейін 230 мемлекеттік қызметші қамтылды. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар жалғаса береді. Жұмыс барысында қазақ жазуына қатысты шешілмеген мәселелердің болуы тіл мамандарымен бірге тыңдаушыларды да алаңдатып отырғанына, жаңа әліпбиді қолданудағы кей қиыншылықтарға тағы да көз жеткіздік.
– Қандай қиындықтар екенін түсіндіре кетсеңіз?
– Әдетте жаңа әліпби ресми бекітілгеннен кейін оны негізге алатын жазу ережелері бекітілуі керек. 2019 жылдың 17 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережелерінің» мақұлданған, бірақ әлі бекітілмеген үлгісі жарияланды. Бұл жаңа емле ережелері – қоғамға ұсынылған үшінші нұсқа. 2018 жылдың қыркүйек, желтоқсан айларында көпшілік талқысына ұсынылған жобалармен салыстырғанда, азды-көпті өзгерістер болғанымен, негізі – сол ұстаным. Жаңа әліпбиді қолданып, үйрете бастадық. Бірақ тыңдаушылар тарапынан түрлі сұрақтар туындауда. Әлі күнге емле ережелері неге бекітілмеуде деген сауал жиі қойылады. Емле ережесі заңды түрде бекітілсе, ресми құжаттарды да соған сәйкес жазуға болады. Қазір мекеме-кәсіпорын, көше атаулары мен жарнамалар жаңа әліпбимен жазыла да бастады. Жазудағы басты ұстанымдардың нақты болмауы да қиындықтар туғызуда.
– Нақты қандай мысалдар келтірер едіңіз?
– Біріншіден, емлеге тірек болатын жазу ұстанымы, жазу нормалары мәселесін алайық. Қазіргі жазу жүйемізде шешімін таппаған мәселелер көп. Орфографиясы екі түрлі жазылып жүрген сөздер бар. Мысалы, «келісімшарт» деген сөз мемлекеттік органдардан келетін құжаттарда бірде бірге, бірде бөлек, бірде дефис арқылы жазылып жүр. Орыс тілінде бір ғана емле немесе стилистикалық қате кетсе, ол құжат заңсыз болады. Ал бізде бұл – қалыпты жағдай. Адамның аты-жөнін жазуда нақты стандарт жоқ. Көрнекі ақпарат пен жарнаманы айтпағанда, заңдар мен түрлі қаулылардан стилистикалық не орфографиялық қателерді көріп отырмыз. Терминдер мен шеттілдік сөздердің жазылуындағы ала-құлалық та қазіргі қазақ қоғамындағы тіл қолдану мен жазу мәдениетінің төмендеуіне әсер етуде. Бұл шешілмеген мәселелер жаңа жазу ережелеріне де қатысты туындап отыр.
– Елбасы Жарлығымен латын графикасына негізделген жаңа әліпби бекітілді. Бұл турасында да даулы сұрақтар көп. Сіздің пікіріңіз?
– Жаңа әліпбидегі жат әріптер мен өзге тілдік сөздердің жазылымы талқылаулар барысында жиі сөз болды. Мәселенің туындауы заңды. Біз жазу реформасын бастадық, бірақ халықаралық термин сөздерді қолдануға қатысты бірыңғай ережеміз бен ұстанар қағидатымыз болмағандықтан, қиындықтарға кездесудеміз. Жаңа емле ережелерінде қайшылықтар көп. Нәтижесінде екіұшты ережелер мен қосамжар емле тағы алдымыздан шықты. Мұны белгілі тіл мамандары, ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Қазақ тіліндегі жаттілдік заңдылықтар, халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мәселесі бүгінде тіл болашағымен тікелей байланысты күрделі мәселеге айналды. Оны түбегейлі шешпей, ұлттық жазу туралы айту да қиын. 32 әріптен құралған жаңа әліпби бұрынғымен салыстырғанда біраз ықшамдалды. Алайда өзге тілдің «в, ф, х, и, ч» секілді әріптері қалдырылған. Тыңдаушылар «ц, я, ю,э,ё,щ, ъ,ь» әріптері жоқ, ал бұлар неге қалдырылды деп сұрайды. Демек, шеттілдік сөздердің басым бөлігін біз сол күйінде, өзгеріссіз орыс тілі заңдылығымен жазуды жалғастырамыз деген сөз. Осы емле жобасы авторларының бірі бұл мәселені былай түсіндірген екен: «Шеттілдік сөздер негізінен әліпби шегіндегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таңбаланады: akvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster» (Қ.Күдеринова «Жаңа емле – сындарлы қадам»,«Ег.Қаз», 22.01.19 ж).
Өз тарихымызда өзге тілдің дыбыстық-әріптік құрамы мен жазу ережесін түгел алған тәжірибеміз бар және оның соңы неге әкелгені белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, Ә.Жүнісбек, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Б.Қапалбек, Б.Ихсан сынды қазақ ғалымдары ашық айтып отыр. Ал жаңа әліпби мен емле арқылы осы тас бұғау, тіл бұзар ережелерден құтыла аламыз ба? «Русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруынан» (Ө.Айтбаев «А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ә.Қайдар қағидасы»,«Ег Қаз», 25.09.2017 ж) арыла аламыз ба? Бұл «дерттің» бізге өтіп кеткендігінің бір дәлелін жаңа әліпбидің емлесінен көруге болады. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздердің басым бөлігін «донор тілдің» ережесімен жазамыз деп отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз?
Жаңа қазақ әліпбиі мен мақұлданған емле жобасындағы осы бір екіұшты ережелер мен қосамжар емле туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының маманы, Үкіметте мақұлданған латын әліпбиі нұсқасы авторларының бірі А.Фазылжанның «Егемен Қазақстан» (15.05.2019ж) газетіндегі мақаласынан бір түйін келтірсек. «Бір жағымызда кирилл графикасынан алыстағысы келмейтін орыстілділер, екінші жағымызда тіл тазалығының сақталуын қалайтындар, үшінші жақта болашақтың көзқарасымен қарайтын жас буын бар. Осы үш топтың көңілінен шығатын әліпби жобасын және жазуға оңай болатын емлесін жазып шығу оңай емес». Менің ойымша, бұл арада бір нәрсенің басын ашып алу керек. Әліпби реформасы қоғамдағы белгілі бір топтың көңілін табу үшін қолға алынған жоқ шығар. Бізге сол ескі менталитеттен арыла алмай отырған қоғам бөлігіне қарсы ұлттық мүдде, ұлттық идеяны тереңдетіп, мемлекеттік идеологияны жүргізе отырып, солардың санасын өзгерту керек пе, әлде өз тіліміздің тазалығына зиян келтіріп, болашағын бұлыңғыр ету керек пе? Тілге түскен «жараның» жазылуы қиын. Егер тілге екінші бір тілдің жазу, сөйлеу нормалары ықпал етіп, қатар қолданылар болса, ықпалға ұшыраған тілдің өн бойында «кесел» пайда болады деген сөз. Тілдің әлеуеті әлсіреп, ақыр соңында ешкімге керексіз болып қалуы да мүмкін. Әлемде жойылып кеткен тілдер қаншама?!
Қазіргі қазақ тілі – жаңғыртуды қажет ететін тіл. Мемлекеттік тіл деп жарияласақ та, өкінішке орай, мемлекеттік, басқару, заң шығару, қызмет көрсету тілі ретінде толықтай қолданылып жүрген жоқ. Барлық қазақстандықтарды біріктіруші тіл ретінде қоғамдағы орнын әлі ала қойған жоқ. Бір кездегі шешен халқымыз бүгінде сөйлеу дәстүрінен жаңылып қалды. Енді жаңа әліпбиімізге тағы да екінші тілдің заңдылықтарын қатар таңар болсақ, тілдің адасуы жалғаса береді. Қазіргі жазу жүйеміздегі ескі «ауруды» жаңа әліпбиге де алып бара жатқан секілдіміз. Тіл маманы ретінде бізді толғандыратын да – осы.
Кейбір ағайын жаңа әліпбиде жат әріптердің қалдырылуын болашақта көбейетін ағылшын сөздерін жазу үшін қажет деп түсінеді. 19-ғасырдағы Абайдың тілі мен қазіргі техника заманындағы қазақ тілін салыстырудың қажеті жоқ деп ойлайды. Шындығында, Абайдың тілінен артық тіл бар ма?! Керісінше, сол бабаларымыздың асыл тілін таза қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттасақ, міндетіміз орындалмай ма? Әлемдегі ең озық тілдер (ағылшын, неміс, араб, орыс, қытай т.б) ғасырлар бойғы жазу, сөйлеу дәстүрін берік ұстанғанның арқасында осындай деңгейге жеткенін ұмытпайық.
«Ана тілі» газетінде жарияланған белгілі жазушы, тіл жанашыры Б.Нұржекеұлының жанайқай мақалалары (18.10.2018 ж, 10.01.2019 ж, 21.02.2019 ж) және оған жауап ретінде жарияланған Е.Қажыбек (24.01.2019 ж) пен Ә.Жүнісбектің мақалалары (31.01.2019 ж) қазақ жазуы реформасындағы түйткілді мәселелерді ашық көрсетті және бұл туған тіл тағдырына алаңдаған қауымды бейжай қалдырмайтыны анық. Басты мәселе – жазу реформасы арқылы тіліміздің тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылу. Соны шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес.
– Латын әліпбиі тек қана қазақтілді қоғам үшін деген пікірді де жиі естиміз…
– Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл еліміздегі барлық заңды және жеке тұлғаларға қатысты. Кей ағайын латын графикасы орыс тілділерге қажет емес деп жүр. Осының өзі – өрескел қателік, бұл оларға мемлекеттік идеологияның жетпей жатқанының көрінісі. Жаңа қазақ әліпбиін меңгеру қиындығын сылтауратқан ата-аналар балаларын орыс тілінде оқытатын мектептерге бере бастамай ма деген мәселені де тыңдаушылар жиі көтереді. Қаладағы орыс тілінде оқытатын мектептердегі оқушылардың үштен бірі қазақ балалары екендігін айтқан тіл жанашырлары енді олардың қатары көбейіп кетпей ме деп алаңдап отыр. Бұл жерде де түсінік жұмыстарын жетілдіру керек, қоғамда әлі де бейжайлық басым. Идеологиямен жұмыстанатын мемлекеттік органдарға пәрменді сілкініс керек. Латын графикасына өтіп жатқан біздің мемлекеттік тіліміз. Ұлттық жазудың, мемлекеттік тілдің әр азаматқа тікелей қатысы бар. Ертең мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу, қарым-қатынас жасау, оны жетік білу керек болады. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің басты символдарының бірі. Болашақта барлық өркениетте елдердегі сияқты бізде де мемлекеттік тілге қатысты талап күшейетіні сөзсіз. Оның заңдық та, құқықтық та негізі бар.
– Ендеше, латын әліпбиіне түбегейлі көшпей тұрып, қандай нақты мәселелерді шешіп алған дұрыс деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Латын графикасына көшуден ауытқымаймыз. Кесте бойынша кезең-кезеңмен жүреміз. Бірақ қолдану барысындағы олқылықтар мен артықшылықтар ескеріледі» деді. Тіл мәңгілік болу үшін өзге тілдің емес, өз заңымен өмір сүруі керек. Сондықтан әліпби құрамы мен емле ережелеріне ұлттық тіл мүддесі тұрғысынан сараптама жасап, өзгерістер енгізу қажет деген пікірді қостаймыз. Әлі де кеш емес, «ұлт үшін деген ұлы істі» (А.Байтұрсынұлы) түзу де даңғыл жолға түсірейік. Басты мақсат – ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан ортақ пікірге келіп, шешім қабылдауға қол жеткізу. Жазу реформасы арқылы ұлттың рухани жаңғыруын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің өркениетті елдердегідей конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына қол жеткізу, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру мақсатында «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау да уақыт талабы деп ойлаймыз.
Сұхбаттасқан Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ