Батысқазақстандық жас спортшы Даниял Сәбит халықаралық бокс турнирінде бірінші орынға ие болып, «Үздік боксшы» атағын жеңіп алды.
Даниял – Оқушылар және жастар сарайының жанындағы Д.Елеусінов атындағы бокс орталығының тәрбиеленушісі. Ол бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде топ жарған. Шымкент қаласында өткен қысқы Қазақстан чемпионатының жастар арасында чемпионы, жастар құрамасының мүшесі.
Жуырда Көкшетау қаласында өткен КСРО-ның спорт шебері Асқар Сатыбаевты еске алуға арналған ХІІ халықаралық бокс турнирінде 2001-2002 жылы туған жастар арасында жүлделі бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар аталмыш турнирдің «Үздік боксшы» атағын жеңіп алып, бағалы сыйлықпен марапатталды. Даниялдың бапкері – аға жаттықтырушы Саттар Сұлтанғалиев.
–Оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласында өткіздік. Шәкіртімнің жеңісіне қуаныштымын. Дайындық барысында үлкен қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен оның басшысы Әсия Аманбаеваға алғысымды білдіремін! – деді оқушылар және жастар сарайының жанындағы Д.Елеусінов атындағы бокс орталығының спорт меңгерушісі Саттар Аманғосұлы.
Жаттықтырушысының айтуынша, енді жерлесіміз Сербия елінде өтетін дүбірлі додада өз бағын сынамақ.
Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы спортшылары қатысқан аталмыш жарыста топ жарған жерлесіміз Даниялды жеңісімен құттықтаймыз!
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ