Бүгін Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ардагер-ұстаз Социал Пұсырмановпен кездесу өтті.
Кітапхананың «Алақай, жаз!» жазғы бағдарламасы аясындағы кездесу кешіне кітапхана директоры Звайда Өтешева, қаламыздағы №37 орта мектеп оқушылары және кітапханашылар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш білім ордасымен кітапхана ұжымы тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Кеш тізгінін қолына алған кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлназ Хамзина оқушыларды шараның құрметті қонағы Социал Жүркейұлымен таныстырып:
– Бүгінгі кешіміздің қонағы – еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, қаламгер Социал Пұсырманов ағамыз. Әдеби шарамыз ардагер-ұстаздың 75 жылдық мерейтойына арналып отыр, – дей келе, мерейтой иесінің өмір жолымен және шығармашылығымен таныстырды. Сонымен қатар балалардың назарын арнайы жасақталған кітап көрмесіне аударды. Мұнда ардагер-ұстаздың еңбектері, түрлі басылымдарда жарияланған мақалалары, марапаттары қойылған. Өз шығармашылығында Жұбан ақынды дәріптеп жүрген қаламгер ұстаз – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Өз кезегінде мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салып, кештің шырайын ашты. Оған қоса ардагерге түрлі сауалдарын қойып, мол мағлұмат алды.
Кеш соңында сөз алған Социал Жүркейұлы рухани шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына, кездесуге келген мектеп шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА