Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қоры жағынан ҚР-ның Ұлттық музейінен кейінгі екінші орында. Ел мен өңір тарихының ордасына айналған мекемеде Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылған. Бұл туралы музей директоры Мирболат Ерсаевпен сұқбаттасу барысында сұрап-білдік.
– Мирболат Бижанұлы, жуырда ғана республикалық мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің II «Рухани қазына-2019» фестивалінен оралдыңыздар. Осы байқау жөнінде айтып өтсеңіз.
– Мамыр айының 18-22 күндері ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған, мәдени-ойын сауық саласында тәжірибе алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау, аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін көтеруге бағытталған әлеуметтік-мәдени, білім беру тәжірибелерін көтеру, бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, өңірлердің мәдени мұраларымен танысу, қызмет бойынша тәжірибе алмасу, қоғамдық сананы жаңғырту аясында мәдениет ұйымдары қызметінің мазмұнын жаңарту бойынша идеялар іздестіру, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатындағы мәдениет саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестиваліне қатысып қайттық. Аталмыш фестиваль ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан биыл екінші мәрте өткізілуде. Өткен жылы біздің облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сырым аудандық музейі бөлімі осы фестивальден бас жүлде алып, бір миллион теңгені қанжығамызға байлап, олжалы оралғанбыз. Алғаш рет ұйымдастырылған байқауда Сырым аудандық музейі бөлімі «Үздік аудандық музей» аталымын жеңіп алды.
Биылғы II «Рухани қазына-2019» фестивалінде де нәтижеміз жаман болған жоқ. Байқауда еліміздің әр аймағынан он үш облыстық және қырыққа жуық аудандық музей өз жұмыстарын көрсетті. «Үздік облыстық музей» аталымына Павлодар облысының музейі лайық деп танылса, «Үздік аудандық музей» аталымын Қостанайдың Лисаковск қаласының осы санаттағы мекемесі жеңіп алды.
– Сіздер өзге өңірлердегі әріптестеріңізді қандай жаңалықтармен таң қалдырдыңыздар?
– Біз – Қазақстанда «Рухани жаңғыру» музейін ашқан бірден-бір аймақ ретінде ерекшеленеміз. Өзге өңірлерде қолға алынбаған мұндай жобаны жүзеге асыру жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастама көтеріп, жеке кәсіпкерлерді жұмылдырды. Жеке кәсіп иелері де өңір басшысының бастамасын жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Келесі жобамыз – «Ұлы дала құндылықтары». Соның бір көрінісі – 2012 жылы Тақсай кешенінен табылған «Алтын ханшайым» секілді құнды жәдігерлерімізді облысымыздағы орталықтан шалғайда жатқан елді мекен тұрғындарының арасына апарып, жерлестеріміздің тарихи жәдігерді өз көзімен көруіне мүмкіндік жасауға сеп болу еді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Жалпақ жұртыңды, игі алашыңды құрметтеу – алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғаты танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген болатын. Даңқымен дара, дарынымен сара жол салған дарабоз тұлғаларымыздың есімін ардақтау мақсатында қолға алған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты үшінші жобамыздың да маңызы зор. Бұл жобаның дүниеге келуінің де өзіндік тарихы бар-тұғын. 2016 жылы өз отбасыммен Ресейдің Астрахань облысында тұратын туыстарыма қыдырып барған едім. Сондағы туысымның аузынан құмды алқаптағы таңғажайып табиғаттың сиқырлы симфония іспеттес тынысын көкірегіне түйіп, белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген, қасарысқанның қабырғасын сөгіп, айқасқанның апшысын қуырған, батырлықпен мерт болса да, сертіне адалдығына кіршіксіз қылау түсірмеген садақты сахара сардарлары жорытқан өлкеден шыққан, Нарын құмындағы Жалпақшағыл Жиделіде дүниеге келіп, қара шанақтан саулатқан күйімен күллі әлемді ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін, екеуін ажал ғана айыратынын дәлелдеген жерлесіміз Құрманғазы Сағырбайұлының музейі бар дегенді естіп, әдейілеп бардым. Музейді аралап жүргенімде бабамыздың қолының табы қалған домбыра көзіме түсті. Осынау баға жетпес құнды жәдігер Құрманғазы Сағырбайұлының шәкірті Ыбыр Дүйсәлиевтің үйінен алыныпты. Тарихқа көз жүгіртсек, күйшіні қуғын-сүргіннен қорғау үшін Мақаш правитель өнерімен, өр мінезімен ұлтының ұйытқысы бола білген күй атасын Астрахань жаққа қашырып жібергенде, ол Ыбыр Дүйсәлиевтің шаңырағына тоқтаған көрінеді. Сонда Ыбырға домбырада күй ойнауды үйретіпті. Музейде тұрған қасиетті домбыра – Құрманғазы бабаның саз саулатқан саусағының ізі қалған домбыра екен. Кез келген мемлекеттің, сол елдің атын иеленген халықтың ұлттық болмысын айғақтар, танымын даралап, талғамын сараптайтын, сол халықтың менталитеті туралы хабаршы болар идеологиялық қуатты құралы не десек, ауызға алдымен музыкасы мен сол әуенді аударманы да, тілді де қажет етпей жеткізетін аспабы түсері хақ. Қазақтың қалпын танытатын, нағыз қазақ – домбыра болса, Құрманғазы бабамыз күй атасы емес пе?!
Осы жағдайдан кейін мені «Бабамыздың бұл мұрасы неге Қазақстанда тұрмасқа?..» деген ой мазалады. Күй атасы деп мақтанатын тұлғамыздың домбырасы өз музейлерімізде жоқ. Осыдан кейін Құрманғазының домбырасын елімізге алдыртуға жұмыстанып көрдік, бірақ тез арада мүмкін болмады. Ұзақ жұмыстануды, толассыз келіссөз жүргізуді талап ететін бұл іспен әлі де айналысамыз. Әзірге күйшінің домбырасының көшірмесін қанағат тұтуға тура келді. Ал домбыраның көшірмесін жергілікті шебер, әрі домбырашы Едіге Нәбиев сол күйінде жасап шықты. Бұл құнды жәдігер (суретте) бүгінде музейіміздің төріне қойылды. Ұлы күйшінің, ұлы өнердің құдіретінде шек бар ма?! Осы жағдайдан кейін өнердің түрлі кереметін өз көзімізбен көрдік…
– Нақтырақ айтсаңыз…
– 2018 жылы «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына орай бабамыздың дүниеге келген жерінен бастап мәңгілік тұрақтаған мекені Астрахань облысының Володар ауданы Алтынжар ауылына дейінгі жолды экспедициямен жүріп өттік. Қазақтың ұлы күйші-композиторы жерленген орынға барып тәу еттік, туған жерінің бір уыс топырағын сондағы музейге табыстадық. Одан соң Оралда 1700 домбырашы бір мезетте Құрманғазының күйлерін орындап, рекорд жаңартты. Елімізге жеткен баба мұрасының баламасы өнер көшінің ілгері серпілуіне жол ашқандай болды.
Бірде Алматыдағы Ықылас Дүкенов атындағы Өнер музейінің директоры, танымал өнер иесі Ұлжан Байбосынова хабарласып, Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесіне қызығушылық танытты. Оның тағы бір данасы өзі басшылық ететін алматылық рухани ордада тұрса деген тілегін жеткізді. Едіге ағамызға тағы да қолқа салып, көшірмесін жасатып, Алматыдағы Өнер музейіне апарып қойдық. Оған қоса Құрманғазының шәкірті, атыраулық Ерғали Есжан атамыз ұстаған домбыраны бірге табыстадық. Жоғарыда аталған жоба шеңберінде Құрманғазы атамызға қатысты көптеген мәліметтерге тап болдық. Атырау облысының қазіргі Құрманғазы ауданында күйшінің шәкірті, аты аңызға айналған күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туыстары тұрады екен. Экспедиция барысында олармен де танысып-білістік. Дина әжеміздің бұрын еш жерде жарияланбаған суретін таптық. Мұның өзі біз үшін құнды дүние болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Астрахань облысындағы тегі «Курмангазиева» болып жүрген қандастарымыз өздерінің тектінің ұрпақтары екенін білмеген. Қариялардың көмегімен күйшінің Астраханьда тұрған үйін іздеу барысында осындай көңіл толқытар жәйттердің куәсі болдық.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық мақаласында жаһанданудың ықпалында ұлт ретінде жұтылып кетпеудің қамын ойластырып отырған мемлекетіміздің тарихына терең шолу жасалып, нақты тапсырмалар беріліп, оларды іске асырудың тетіктері көрсетілгені белгілі. Мақаланың бірінші бөлімі «Атқа міну мәдениеті» деп аталуы бекер болмаса керек-ті. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деген Ұлт көшбасшысы қазанаттың қазақтың өміріндегі салмағын саралап, жылқының ерекшелігін даралап, «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп түйіндеген болатын. Осы бағытта өзім басқаратын облыстық музей ұжымы ұйымшылдықпен қаңтар айында этно-туристік «Саят» орталығында болып, атқа міну мәдениетін БҚО тарихи- өлкетану музейі алғаш бастап, эстафетаны Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда музейлеріне жолдады. Бұл эстафета одан әрі өз жалғасын тауып, республика музейлерін түгел қамтыды.
– Өзіңіз әңгімелеген жобалар «Рухани қазына» фестивалінің қазылар алқасы тарапынан қандай баға алды?
– Бұл дүниелеріміз республика деңгейінде жоғары бағаланды. Жүлделі орын алмасақ та, олардың айрықша назарын аудардық. Жобалар атауының жасалған жұмыстармен үйлесім табуы, нәтижелі іс-шаралар, жылжымалы көрмелер, ісімізге серпін берген маңызды оқиғалар – осының бәрі облыстық музейдің мәртебесін асқақтата түсті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын оңтайлы жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды атқаруда бізге облыс басшылығы, жанашыр азаматтар, жергілікті кәсіпкерлер қолұшын созды.
– Елордада өткен мәдени іс-шарадан қандай ой түйіп қайттыңыздар?
– Негізінен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасындағы байқауға биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінен өзім, Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы, Қазталов ауданындағы Көктерек ауылдық музей бөлімінің экскурсоводы Ақмарал Әдиетова, Оралдағы табиғат және экология музейінің меңгерушісі Айгүл Омарғалиқызы қатысып қайттық. Сол сапардан алған әсерімізді, бағамызды, жинаған тәжірибемізді сол күйінде қалдырмай, жарыққа шығару мақсатында алдағы 14-15 маусым күндері музейлер арасында алғаш рет облыстық семинар өткізу жоспарлануда. Сол арқылы музейдің алғашқы мектебінің негізі біздің өңірімізде қаланғанын көрсеткіміз келеді. Тіпті республика бойынша қатысамын деген азаматтарды қарсылауға дайынбыз.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – өміршең маңызды құжат. Осы бағдарламаның музей саласы бойынша сіздермен етене жұмыс жасаған тұлғаларды атап өтсеңіз.
– Бізді ерекше қуантатыны – жергілікті өлкетанушы, тарихшы, археолог ғалымдардың белсенділігі. Олар өз кезегінде біраз қолдау көрсетіп, бізбен қоян-қолтық жұмыс жасап жүр. Қазбек Құттымұратұлы, Мұрат Қалменов, Айболат Құрымбаев, Дәметкен Сүлейменова, Сара Танабаева, Ахмедияр Батырханов, Жәнібек Әлпейісов, Амантай Сәлімов сынды тарихымыз бен мәдениетімізге жанашыр жандардың есімін ерекше атап өтуге болады. Күні кеше Оралда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали батыс өңірінің киелі орындарына арналған жинақтың екінші томын таныстырып, тұсауын кесті. Бұл да – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі.
– Бүгінгі таңда қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, мектептер осы саланы дамытуға үлес қосып, шағын музейлерді көптеп ашуда. Музей саласына етене араласып жүрген маман ретінде олар туралы ой-пікіріңіз.
– Әрине, бұл – құптарлық, қуантарлық іс. Музей – адамзат еңбегімен жер бетінде жасалған материалдық, рухани игіліктердің, үлгі нұсқалардың әр алуан саласын зерттеп, жинақтаушы, сақтаушы және сол тарихи ескерткіш мұраларды бір ұрпақтан бір ұрпаққа жеткізіп насихаттап отыратын мәдени мекеме. Адамдардың музейге деген қызығушылығы артуда. Мысалы, «Зерде» қорының төрағасы, еңбек ардагері Қуанышбай Төлебаевтың қоғамдық негіздегі жеке музейі, Жәнібек Әбілсейітовтың ашқан музейі, сондай-ақ облыстық прокуратурада, сотта, полиция департаментінде жасақталған музейлер бар. Дегенмен, әрбір музейдің өз мәртебесі, көрсететін құнды дүниелері болуы керек. Онда келген адам рухани азық алуы тиіс. Осы жағынан түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал мектеп музейлері – білім саласының меншігінде. Қазіргі таңда облыс аудандарында, қалада мектеп қабырғасында музейлер жасақталып жұмыс істеп жатқаны баршамызға аян. Бұл бір жағынан қуантады. Бірақ көптеген мектеп музейлеріндегі жәдігерлердің сақталымы ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені мектеп музейлерінің көпшілігі тарихи- өлкетану бағыты бойынша жұмыстанамыз деп, өңірге тән кейбір ұлттық құндылықтарды өздерінде сақтап отыр. 1999 жылдың 22 сәуірінде Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің №231 «Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін музейлердің ережелерін бекіту» туралы бұйрығы жарияланды. Бұл бұйрық негізінде мектеп музейлері туралы ереже қабылданды. Ережеде мектеп музейі жұмысының мазмұны мен түрі, басқару және ұйымдастыру жүйесі, қорды сақтау және есепке алуды қамтамасыз ету түрлері ашып көрсетілген. Мұнда мектеп музейлері тарихи-өлкетану, экологиялық бағыттары бола алатыны да аталған.
Алайда көптеген мектеп музейлерінде жиналған жәдігерлер мен оның сақталым жүйесі жалпы музейлердегі заттар сақталымы бойынша негізгі ережеге сай емес. Мәселен, археологиялық сала бойынша табылған қыш құмыралар, қыш құмыра сынықтары, жебенің ұштары, мамонттың тісі, қару-жарақ түрлері сияқты құндылықтарды балалардың қолына ұстатпас бұрын, зерттеу мен зерделеуден өткізу керек. Мысалы, облыстық музейдің археологиялық залындағы әрбір экспонат бізге «Батыс Қазақстан облыстық археология орталығы» арқылы түседі. Ғалымдар оны зерттейді, зерделейді, қоюға болатын археологиялық заттарды ғана музей қорына тапсырады. Содан кейін ғана ол экспозицияға шығарылады, оның өзінде жабық сөре астынан көрсетіледі. Музей ішін бірқалыпты температурада сақтауға әрқашан көңіл бөліну керек. Қыста +10 градустан төмен, ал жазда 25 градустан жоғары болмауы керек. Түрлі кеміргіштерден, шаңнан сақтауға үлкен мән беріледі.
Мектеп музейлерінде қарудың неше бір түрлерінің қалдықтарын кездестіруге болады. Заттардың сақталым тәртібі бойынша садақ, қылыш, мылтық түрлері сияқты қару-жарақтар міндетті түрде дабыл қосылғыш астында сақталуы тиіс. Осы жәдігерлерлерге қатысты мына мысалды келтіруді жөн деп ойлаймын. 2008 жылы Жәнібек ауданында Серік Молдағалиев есімді тұрғынның ауласынан жарылмай қалған снаряд табылды. Жұмсақ жерге түсіп, құм көшкен кезде біртіндеп шығып көріне бастағанда, үй иелері сол жерге бұзау байлап, шеге түзетіп жүрген. Кейін оның снаряд екенін біліп, Ақтөбеден арнайы мамандар шақырылып, қазып алынып, аудан шетіне шығарып жарып, залалсыздандырған. Соғыс отына шарпылған жердің куәсі болған құндылығы зор жәдігердің бүгінгі таңда музей көрермендері үшін алар орны да, маңызы да ерекше. Кез келген архелогияға, қару-жараққа қатысты жәдігерді мектеп музейіне қоймастан бұрын ойлану керек. Ол бала денсаулығы мен өміріне қауіпті болуы мүмкін. Міне, мектеп педагогтары осыны ескергендері абзал.
Сонда мектеп музейлері қандай бағытта болуы мүмкін деген ой туары анық. Әр ауданда өз өлкесінің табиғаты, тарихы туралы баян ететін тарихи-өлкетану музейлері бар. Өңір тарихымен арнайы халық үшін ашылған сол музейлерге барып танысқан жөн. Әр мектеп өлкеге қатысты жинаған жәдігерлерін жергілікті музейлерге табыс етсе, бүкіл аудан тұрғындарына көру мүмкіндігін берер еді.
Мектеп музейі өлкеге қатысты материалдық емес мұра жинаумен айналысуға баса назар аударғандары жөн. Яғни, аңыздар, мақал-мәтелдер, ертегілер, қиссалар, тұлғалар туралы әңгімелерді көнекөз қариялардың аузынан жазып алып, өздері жинақтап, мектеп музейі арқылы жарыққа шығарса қандай ғанибет?! Мектепте музей құрмас бұрын, оны ашу мәселесін аудандық, қалалық білім басқармасының келісімімен педагогикалық кеңес шешіп, мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі. Музей құруға кірісерден бұрын, мұралар жинастырар алдында мұқият дайындалған дұрыс. Музей қандай бағытта болады, қандай тақырып таңдалу керек деген сұрақтарға тиянақты жауап табылған күнде ғана бұл іске кіріскен жөн. Мектеп музейі білім ошағының тарихын, қызықты шежіресін жинап, сақтау үшін құрылуы қажет деген ойдамын.
Кешегі өзіңіз оқыған мектепке көз жіберіп қараңыз. Мүмкін ол алыс ауылдағы шағын қараша үй, не қаладағы еңселі биік зәулім ғимарат болар. Қай мектеп болмасын, өз өрендерін білім бұлағынан сусындатып қана қоймай, өмірге баулиды. Бір кездегі түлектер бұл күнде кең дүниенің дүлей күштерін тізгіндеп, бүгінгі қауымның бір мүшесі болып жүр. Олардың арасынан елге танымал адамдар шығуы әбден мүмкін. Сол кездегі ұяң жасөспірім мен ұялшақ қыз құрметті ата, ардақты ана, елге ақылшы данаға айналуы ықтимал. Осы адамдардың баршасы әр жылдары мектеп қабырғасынан тәлім-тәрбие алды. Мұның бәрі – аса қастерлі, қазіргі буын үлгі ететіндей бағасы қымбат тарих. Ендеше неге осылар туралы жинамасқа…
Мектеп өмірінің тарихы дегеніміз – сол мектептен шыққан жүздеген адамның өсу, есею, адам болу хикаясы. Әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын дара жолы, сыры бар. Қаншама тыңдасақ та, жалықтырмайтын жыры бар. Әдетте оқушылары сыныптан – сыныпқа көшкенде, немесе мектеп бітіргенде фотоға түседі. Мектеп тарихын жасайтындар үшін мұның өзі – таптырмайтын материал. ХХ ғасырдағы мектеп оқушылары отырған парта, жазған тақта, есеп шоты, оқушының киім үлгісі, пионер галстугі, октябрят, комсомол белгілері, горн, барабан – бәрі-бәрі әр мектептің музейінде болуға тиіс жәдігерлер. Міне, мектеп тарихын жасайық деген ой осындай негізден бастау алу керек. Шындығында, бұл тарихтың тәрбиелік мәні – өлшеусіз. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас түлекті аға ұрпақтың ерлік, даналық дәстүрінде тәрбиелеу – аса маңызды қоғамдық міндет. Өйткені ілгері ұрпақ ХХ ғасырда дүниеге келді, ХХ ғасырда өмір сүрді. Аға ұрпақтың арқалаған жүгі қаншама ауыр болса да, оның үлгісін кейінгіге беру сондай қажет. Ұрпақ мұрасы мектеп тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, мектеп тарихын жасап қана қоймай, оны жүйелеу, із қалдыру – сол білім мекемесінің педагогикалық ұжымының, оқушылардың парызы. Әрине, бұл міндетті жүзеге асыруға тарихшылар, әдебиет пәнінің ұстаздары белсенді атсалысулары керек. Алайда мектеп музейін ашатын болсақ, облыстық мәдениет, білім басқармалары арқылы жәдігерлерді сақтау туралы мәдениет және білім министрліктерінің жарғысына музей қорындағы жәдігерлердің сақталуы туралы өзгерістер ұсынуымыз қажет деп ойлаймын. Мектеп музейлерінің басқа музейлер сияқты рұқсат еткен паспорты болып, қордағы жәдігерлердің сақталу талаптары орындалған жағдайда ол өз жұмысын атқара алады.
– Мирболат Бижанұлы, енді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі тынысына оралсақ.
– Облыстық музейдің қарамағында 16 бөлім жұмыс жасайды. Өңіріміздегі музей саласында барлығы 200-ден астам қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Ал музей қоры бойынша елімізде Ұлттық музейден кейін екінші орындамыз. Ұлттық музейде 200 мыңға жуық жәдігер болса, біздің музейімізде – 195 822. Тың бастамамыздың бірі – экспедициялық жорықтарымыз. «Архив-2025» бағдарламасы бойынша жергілікті архивтермен жұмыстанып, белгілі бір көлемдегі шығынды талап етпейтін шараларды қолға алудамыз. Жәңгір хан тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Жолдығалиұлының бастамасымен архив деректерін іздестіріп, елең еткізер тарихи мәліметтерге кезіктік. Жастар жылына байланысты жоғары оқу орындары студенттерінің музейге қызығушылығын ояту мақсатында «Музейстар-2019» жобасын қолға алдық. Оған қоса қаламыздағы іргелі екі жоғары оқу орнымен жасалған меморандум бойынша университет бітірген жас мамандарды музей саласына жұмысқа тартумен айналысып келеміз. Мұндай жүйелі жұмыстар өз жалғасын табады.
– Көпшіліктің аузында жүрген «Музей түні» шарасы биыл да ауқымды түрде ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтардың түнге дейін музей аралап, рухани азық алуына себепші болды. Осы шараны бір күнмен шектемей, аясын кеңейту ойда бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Нұр-Сұлтан қаласына жоғарыда әңгімелеген фестивальге жол жүріп кетуіме байланысты биыл аталған шараға қатыса алмадым. Алайда сапардан оралған соң әріптестерім шараның жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Оған әлеуметтік желілердегі, баспасөз беттеріндегі ақпараттар да айқын дәлел. Жерлестеріміздің осы күнді асыға күтетінін, келушілер қатары көбейгенін байқадық. Биыл 4 мыңға жуық адам жиналған. Қала тұрғындары «Музей түні» шарасы жылына үш-төрт рет өткізілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізуде. Себебі, халық жұмыстан кейін өздеріне ыңғайлы уақытта отбасымен осындай рухани орындарға келгісі келеді. Бұл ұсынысты жан-жақты зерделеп, ойластырып көреміз.
Сұқбаттасқан Ләззат ҚАЖЫМОВА
P.S. Мирболат Бижанұлымен сұқбаттасу барысында өңірімізден тағы да тарихи деректер табылғанын естіп қуандық. Киелі Сырым өңірі аумағынан Сырым Датұлының әкесі Даттың мешіті, Жұмағазы хазірет бабамыздың «Хазірет хауызы» деген орны, Сырым батырдың құрылтай өткізген жерлері табылған. Осыған байланысты өңіріміздегі тарихшы, өлкетанушы, музей саласы мамандарынан құралған экспедициялық топ «Архив-2025» бағдарламасы шеңберінде зерттеу жұмыстарын жүргізуде.