Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тарихи құнды құжат. Ұлттың ұлы мұраты қамтылған бағдарлама аясында ауқымды істер атқарылуда. Біз бұл жолы Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің осы бағыттағы жұмыстарын саралап көрдік.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атауы айтып тұрғандай, қос бірдей саланы қамтитыны белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да еліміздің Тұңғыш Президенті дәл осы салаларға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атап көрсеткен болатын.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзі қоғамда тың серпіліс туғызғанын атап өтті.
– Ұлт Көшбасшысының идеясы ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжатқа айналып, үлкен деңгейде оң қоғамдық пікір қалыптастырды. Аталған мақалада тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттер атап көрсетілді.Осы орайда біздің бөліммен бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басым бағыттарын ұйымдастыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы, «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» сынды арнайы жобалары аясындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуда. Енді «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жаңа арнайы жобаларын жүзеге асыруға арналған шараларды ұйымдастыру жоспары алдағы уақыттың еншісінде тұр, – деді орайлы әңгіменің тиегін ағытқан бөлім басшысы.
Бөлім басшысы Қуанышбек Жанболатұлының айтуынша, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 118 шара өтіп, оған сегіз мыңға жуық адам қамтылыпты. Ал 2019 жылдың басынан бері 136 мәдени-көпшілік шара өткізіліп, оған 10 мыңның үстінде адам қатысқан. Соның ішінде республикалық деңгейдегі танымал өнер шеберлерінің қатысуымен өткен төрт концерттік бағдарлама тұрғындарға рухани демалыс сыйлаған.
Әңгімелесу барысында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған бірқатар іс-шаралардан хабардар болдық. Халықтың мәдени мұрасы – дәстүрлі ән-күй өнерін, халық шығармашылығын насихаттау және дамыту мақсатындағы «Бабалар мұрасы» және «Ұлы даланың жеті сазы» атты концерттік бағдарламалар өнерсүйер көпшіліктің есінде қалғаны сөзсіз. Профессор, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері К.Сахарбаева жүргізген бұл кеште өңірімізге ғана емес, елімізге белгілі өнер майталмандары, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Едіге Нәбиев, Ермек Қазиев, Фархат Оразов, Армат Исламғалиев, Жасұлан Зинеденов сынды күйші, жыршы, термешілер өнер көрсеткен. Кештің ерекшелігі – көрермен қазақ халқының мол мұрасы саналатын әндер мен күйлерге сусындап қана қоймай, олардың шығу тарихы мен өнерпаздардың жеткен жетістіктерінен хабардар болуында.
Бағдарламаны ілгерілету шеңберінде өткен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертінде ақжайықтық көрерменге ұлттық өнер туындыларының үздік үлгісі ұсынылды.
Бабалар рухын ұлттық аспаптарымыздың сырлы сазы арқылы жеткізіп жүрген «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблінің «Көшпенділер рухы» атты концерті де көптің көңілінен шыққан.
Жаңа тарихи кезеңге жол ашқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тіл саласының мәртебесін көтеруге де үлесі зор болғанын білеміз. Бөлім басшысы Қуанышбек Жанболатұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларының бірі –«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» аясында жасалған жұмыстар туралы айтып өтті.
– Атап өтерлік жайт, жобаны жүзеге асыру мақсатында қалалық кітапханада латын әліпбиін оқыту кабинеті ашылды. Тегін жүргізілетін дәрістер барысында латын графикасына көшудің мақсаты, тиімділігі, жалпы әліпбидің маңызы, «Цифрлық әліппе» оқу-ақпараттық жобасы, ұялы телефонда, компьютерде латын әліпбиіне негізделген пернетақтаны жүктеу жолдары туралы ақпараттар беріледі. Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері таныстырылып, латын негізді әліпбиде жоқ әріптердің жазылу баламасы көрсетіледі, Leraningapps платформасында дайындалған жаттығулар мен презентациялар арқылы тапсырмалар орындап, жазу дағдысын қалыптастырады. Жыл басынан бері 25 дәріс өтіп, 750 адам сабақ алды, – деді Қ.Мұханғалиев. Оған қоса қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің практикалық тұрғыда меңгерілуін қамту мақсатында өткен жалпыхалықтық диктантқа 200 мәдениет қызметкері, қала әкімдігінен 90 мемлекеттік қызметші қатысыпты.
Аталмыш бағдарлама мәдениет саласындағы мол мүмкіндіктерге жол ашқанын да жасырмады. Нәтижесінде тың идеялар мен жаңа жобалар жарыққа шыққан. Айталық, кейбір шаралар жыл сайын дәстүрге айналып, оралдықтар асыға күтетін мерекеге айналғаны да ақиқат. Соның бірі – «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі. «Рухани қазына» кіші бағдарламасының жемісі іспетті бұл өнер кеші расымен де Жайық жұртшылығының көңілінен шығып келеді.
Бағдарлама аясындағы оң өзгерістердің бірі – мәдениет нысандарын қаржыландыру көлемінің ұлғайғандығы. Шығармашылық ұжымдарға гастрольдік сапарларға шығып, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуға жол ашылған. Өткен жылы құрылған «Салтанат» би ансамблі – Нұр-Сұлтан қаласында өткен «KAZAKHSTAN STARS ASTANA» халықаралық би байқауында бас жүлдені иеленсе, орыс халық аспаптар оркестрі де Ресей Федерациясында өткен ІІІ халықаралық музыка орындаушылар шеберлерінің «КazanMusicЙорт» байқауында бас жүлдені қанжығалап қайтыпты. Әсіресе, «Салтанат» би ансамблінің Австрия елінің Вена қаласындағы үздік концерт залдарының бірінде өнер көрсетуі – біз үшін үлкен мақтаныш.
Сондай-ақ өңірімізден шығып, есімдері елге танылған ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатындағы шаралар да – рухани байлақтың қайнар көзі екені айтпаса да түсінікті. Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елубаева, Мұнайдар Балмолда, Мира Шүйіншәлиева және басқа да қаламгер жерлестерімізбен өткен кездесулер – соның дәлелі.
Бөлім басшысы биылғы жылдың еншісіндегі жоспарлы іс-шаралармен де бөлісті. Ағымдағы жылдың соңына дейін өнер фестивальдерін, шығармашылық ұжымдардың есеп беру концерттерін өткізу жоспарланған. «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобаларын жүзеге асыруда «Қазақфильм» АҚ-мен арадағы өзара келісім аясында отандық кинотуындылардың онкүндігі, ІІІ «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі өтеді деп күтілуде. Ал «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы биыл мерейтойлары аталып өтетін тұлғалардың шығармашылығы мен өмір жолына арналатын болады.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев сөз соңында ұлттық деңгейдегі ауқымды бағдарламаның аясы кең екенін айтты. – Бағдарлама жарыққа шыққалы бері мәдени құндылықтарымызды, қазақстандық мәдениеттің түрлі бағыттарын айшықтайтын әр түрлі іс-шаралар көптеп өткізілуде. Мәдени серпіліс шығармашылықтың қай саласында да байқалуда. Жалпы мәдени шараларды өткізу барысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын да басты назарға алдық. Қаламыздағы балалар аула клубтары мен үйірмелерінің тәрбиеленушілері концерттер мен мерекелік шараларға үнемі қатысады. Үлкен сахнаға бейімделіп, бойларындағы таланттарын дамытады. Үстіміздегі жылдың соңғы үш айында балалар аула клубтарының екі мыңға жуық тәрбиеленушілері қалалық деңгейдегі концерттерге қатысқан. Қазіргі таңда олардың арасынан шыққан кішкентай өнерпаздар өңірімізде ғана емес, республика көлемінде өнер көрсетуде. Күні кеше әлемді таңқалдырған кішкентай жарық жұлдызымыз Максим Ержан да – осы қатарда. Ол да балалар шығармашылығын қолдау мақсатында өткен түрлі концерттерге қатыса жүріп, өнерін шыңдады. Бүгінде балғын жерлесіміз – халықаралық, республикалық сахналарды бағындырып жүрген өнерпаз, – деді Қуанышбек Жанболатұлы. Иә, өнердің шыңына шынайы еңбектеніп, ізденген таланттар ғана жетері хақ. Кешегі бабалар салып кеткен рухани даңғылды болашаққа жалғайтын – бүгінгі өскелең ұрпақ. Біздің әңгімеміз де осы тұста түйінделді.
«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бағдарламалық мақаласында. Сондықтан мәдениет саласының өкілдері әлем мәдениетінің озық үлгілерінен үйрене отырып, отандық мәдениетті биік деңгейге көтеруге күш салуда. Сонда ғана өнерімізбен әлемге танылып, қияға қанат сермеріміз сөзсіз.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ