Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама — жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат.
Бұл туралы осы аптаның дүйсенбісінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин мәлімдеді. Департамент өкілінің айтуынша,«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 17-бабына сәйкес, агенттік 2018 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық баяндама дайындап, бұл құжат Президентпен мақұлданған.
Біржан Марданұлы өз баяндамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық рейтингілердегі Қазақстанның көрсеткішіне тоқталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру басталған сәттен бастап сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексібойынша Қазақстан көрсеткіштері жақсаруға қарай тұрақты тенденцияға ие. Бұл елде жүргізіліп жатқан саясат пен қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді шараларына деген оң бағаны көрсетеді», – деді ол.
Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек,еліміз аталған «дертті»қабылдау индексібойынша 31 балл жинап, 180 елдің ішінде124-орынға тұрақтапты. Бұдан әрі баяндамашы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының динамикасы мен сипаты, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық фактілері туралы айтып өтті. Айталық, агенттіктің Call-орталығына заңнаманы түсіндіру және сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 2016 жылы 13741 хабарлама түссе, 2018 жылы олардың саны 23000-ге жеткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді құралдарының бірі – сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу. 2018 жылы жемқорлық фактілерін хабарлаған 185 адам 27,3 млн. теңге мөлшерінде ақшалай марапатталған. Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын елімізде, облысымызда жүргізілетін сыбайлас жемқорлық деңгейі анықталатын сауалнаманың да маңызы зор екені мәлім болды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА