Қасиетті айда құлшылығымызды көбейтейік!

Еліміздің бас мүфтиі өз Үндеуінде Рамазан айында қазақстандықтарды қасиетті айда сауапты іс жасауға, сауық кештерін өткізу мен арақ-шарап сатудан тыйылуға шақырды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысқан ҚМДБ-ның БҚО-дағы өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов мәлімдеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз бұл ай – жақсылық пен ізгіліктің маусымы екенін айтып, отандастарымызды қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысуға үндеген.

«Бас мүфти жыл сайын азаматтарды қасиетті айда сауапты іске жұмылуға шақырады. Сонымен қатар сауда иелерінен ауызашар дастарханына қойылатын арнайы тағам түрлерінің бағасын көтермеуді өтінді. Мұндағы айтпағымыз, құлшылық күнін саудаға айналдыруға болмайды. Ораза айы кірген кезден бастап отыз күн ішінде күндізгі садақа асының уақытын ауызашар мезгілімен ауыстыруды сұраймыз. Мүмкін болса, қасиетті айда той-сауық кештері кейінге шегерілсе деген өтінішіміз бар. Сауапты іске қадам басудың басты жолы – дүкендерде арақ-шарап сатылымын тоқтату», — деді облыстың бас имамы Еркебұлан Ыбырайымұлы.

Баспасөз мәжілісінде бас имам Еркебұлан Қарақұлов биыл Ораза айы алтыншы мамыр күні басталатынын айтты. Яғни, ауыз бекітуге ниет еткендер мамырдың бесінен алтысына қараған түні ораза тұтуды бастайды. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн — қасиетті Қадір түні болып белгіленген. Ал бесінші маусым — Ораза айттың алғашқы күні. ҚМДБ төралқасының шешімімен биылғы пітір садақаның ең аз мөлшері — жан басына 300 теңге болып бекітілген.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *