Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына өз үлестерін қосты.
Университетте өткен қайырымдылық іс-шарасына ата-аналар мен оқушылар қатысты. Акция аясында жоғары оқу орны ұжымы әлеуметтік көмекті қажет ететін университет қызметкерлерінің және Зачаганск кентіндегі ЖОББ №20, №10, №47 мектеп ата-аналарының балаларын мектепке дайындау барысына қолдау көрсетті.
Балалардың жүзіне қуаныш ұялатар іс-шарада сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов қайырымдылық жасау – ата-бабамыздан жалғасқан ізгі дәстүр екенін атап өтті. Сонымен қатар ата-аналарға перзент қуанышын тілеп, балаларға сабақта үздік болуға тілектестік білдірді.
Акция аясында 21 оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер тарту етілді. Ата-аналар осындай қайырымды іс жасаған білім ордасының басшылығына ризашылықтарын білдірді.
БҚАТУ-дың медиа орталығы