Оралда Мереке күні үш бірдей спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді

Бүгін Елорда күніне орай қалада 3 жерде спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. 

Шаһарымызда қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Қаланың әр аудандарынан балаларға арналған ойын алаңы, ересектер мен жастарға арналған воркаут-аймақ пен спорт алаңы, зейнеткерлерге отыратын орындары бар тыныш жерлер қарастырылуда. Сондай-ақ аумақты көгалдандыру да қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың басты міндеті — тұрғындарға жайлы орындар құру әрі бұқаралық спортты дамыту.

Осындай кешендер Есенжанов көшесі, 1/1 үй мен Қонаев көшесі, 16 үйдің аулаларында және Желаев селолық округіндегі Шоссейная көшесінде ашылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген — «Жайық Сити» ЖШС мердігерлік мекемесі. Ашылу рәсімдеріне қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, жергілікті тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.


«Баршаңызды бүгінгі айтулы мейрам — Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекеге орай оралдықтарға үлкен қуаныш сыйлаған құрылысшыларға зор алғысымды білдіремін. Біз қалада осындай демалыс және спорт аймақтарын салу жобасын былтыр қолға алған болатынбыз. Міне, биыл осымен алты кешенді қолданысқа беріп жатырмыз. Бұл — мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Мұндай аймақтардың қала тұрғындарының демалысы үшін және бұқараның салауатты өмір салтын ұстану үшін маңызы зор. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар», — деді шаһар басшысы.


Шарада сондай-ақ «Аула Фит» жобасы таныстырылып, ұйымдастырушылар көрсетілім жасады. Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарына тегін тренердің көмегімен күнделікті спортпен шұғылдануына көмектесу.


Айта кету кереу, Орал қаласында өткен айда да 3 жерде осындай спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға берілген болатын.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *