Орал қаласындағы «Отбасы» орталығының ашылғанына тура 1 жыл толды. Орталық бүгінге дейін қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша әртүрлі қызмет түрін көрсетіп келеді.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатып, қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекетті қалыптастыруға бағытталған орталық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашылған.
Бүгінде орталық құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру, бизнеске баулу және басқа да мәселелер бойынша әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсетіп келеді.
Атап айтқанда, орталық мамандары қала тұрғындарына кәсіптік оқудан өту, жұмысқа орналастыру, жаппай оқыту бағдарламасына қатысу, заңгерлік кеңестер, тұрғын үй мәселелері және т.б. бойынша қызмет көрсететін болады.
2020 жылдың маусым айынан осы күнге дейін 1163 кеңес алушы орталықтың көмегіне жүгінген. Оның ішінде психолог қызметін – 201 , әлеуметтік маман қызметін – 722 адам алса, 240 адамға заңгерлік кеңес берілген. Ал ата-аналарымен бірге келген 438 баламен орталық тәрбиешісі жұмыстанған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүністің айтуынша, бір жыл ішінде «Отбасы» орталығы тек кеңес беретін жер ғана емес, отбасы мүшелерінің өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін орта болып қалыптасқан.
Орталық өз жұмысын бастағаннан бері 30 түрлі бағытта шеберлік сағаттарын өткізді. Осы нәтижелі жұмыстардың арқасында кеңес алушы бір тұрғын «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, кәсібін ашты. Ал енді тағы да 6 анамыз білім алып, сертификатқа ие болды. Жалпы орталық тек әйел адамдарға қызмет көрсетпейді. Мұнда барлық отбасы мүшелеріне жағдай қарастырылған. Осы күнге дейін 100-ден астам ер адам орталықтан кеңес алып, араларында қызметке араласып жатқандары да бар, – деді Талшынай Орынбекқызы.
Іс-шарада алғаш боп сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев:
Осыдан бір жыл бұрын орталық ашылған уақытта бұл жерге көп халық жиналған жоқ. Алайда бүгін алдарыңызда көріп отырғандай, нәтижелі жұмыстың арқасында қаншама тұрғын орталықтың қызметімен таныс болып отыр. Орталықтың қызметі тек мемлекеттік қызметтерді алумен шектелмейді. Бұл жер орталыққа келушілердің ортақ пікір мен тәжірибе алмасып,мақсат пен мүдделері ортақ жанұя мүшелерінің бірігіп өмір сүруге болатын орталығына айналды. Біз бір жыл ішінде осы мүмкіндікке қол жеткізе алдық. Істеріңізге табыс тілеймін. Орталықтың тәрбиеленушілері болып, дами беріңіздер. Бастысы Отанымыз, отбасымыз аман болсын, – деді Ерлан Ерсайынұлы.
Жиналғандар жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан орталық жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шарада «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес Бастау» жобасының кәсіпкерлік дағдыларын үйреніп, курсты сәтті аяқтаған Индира Успанова, Динара Нығметова, Аида Жексенова, Асыл Алдамжарова, Виктор Владов, Алл Сағынғалиева сынды келушілер орталық қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
1 жылдық қорытынды шара соңы көрме-жәрмеңкемен жалғасты. Мұнда жыл бойы шеберлік сағаттарында білім алған аналардың қолөнер бұйымдары мен түрлі тіксебасар тәттілері ұсынылды.
Қазіргі таңда орталық отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, әртүрлі мәселелерді шешуге негіз болып отыр. Бұл жерде ұлттық құндылықтар да насихатталып, заманауи дүниелерде жиі таныстырылады. Ендеше, қоғамға пайдалы, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынып отырған орталық қызметіне бізде толағай табыстар тілейміз.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ