Ардагер аға алдыңда тұрсын… Осы тіркесті Орал қалалық ПБ ішкі істер органы ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Саматқызы аузынан тастаған емес. Қағылез Клавдия Саматқызы Қазақстан Республикасының айтулы мерекелерінде ардагер аға-апалардың үйлеріне бас тіреп барады.
Ақылдың дариясындай ардагерлердің бірін мерекемен құттықтап, сый-сияпат ұсынса, енді бірін 95, 75, 70 жастарымен, мерейлі туған күндерімен құттықтап қайтады. 7 мамыр-Отан қорғаушылар күні қарсаңында Клавдия Қуанышқалиева ардагер, құрметті әке, ардақты ата, 9 бала, 14 немере-жиен, 1 шөбере сүйіп, мәуелі бәйтерек атанған Жеңіс Базарбайұлын 70 мерейлі жасымен салтанатты түрде құттықтады. Құттықтаудан соң ардагер ағамен және жұбайы Қалила Каримулловнамен аз-кем сөйлесуге мүмкіндік таптық.
Ішкі істер органының ардагері, милиция аға лейтенанты Жеңіс Базарбайұлы 1951 жылдың 8 мамырында Орал қаласында дүние есігін ашқан. Балғын балалық шағы, май топпыраққа құрдастарымен бірдей аунап-қунап жүрген сәті Чаган совхозында өткен. Осы совхозда құрдастарымен жарысып, 10 жылдық мектепті 1968 жылы тәмамдаған көрінеді. 1970 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін Монғолияға аттанып, механизацияланған батальон құрамына жасақталыпты. Екі жыл ағайын-тума, бауырдан жырақта жүріп, келісті әскер формасымен туған жеріне 1972 жылы оралады. Ауыл-аймақ солдат Жеңісті көріп мәз-майрам болысады. Әскер қатарынан келген қылшылдаған жас жігіт Чаган совхозында жүргізуші жұмысын атқарады. Осы жылы ауылдың білікті, беделді азаматтарының қолдауымен, игі бастамаларымен ішкі істер саласына қызметке шақыртылыпты. Жеңіс ағанын милициядағы ең алғашқы еңбек жолы-жол-патрульдік қызметі лауазымынан бастау алған. 1974 жылы Саратов қаласындағы Бүкілодақтық милиция мектебіне курсант болып қабылданып, 3 жыл оқып, аяқтаған. Саратов қаласындағы милиция мектебінен келген соң, облыстық мемлдекеттік автоинспекцияда анықтаушы лаузымын мінсіз атқарады. Облыс бойынша кезекші анықтаушы лауазымына көтеріліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттарға жол бермеу, оқиға орынына ілезде бару, т.б. күрмеуі қиын іс-шараларды сапалы жүзге асырып, басшылықтың марапатттына ие болған.
Аудан, ауыл-аймақ ахуалын көтеру, алыс ауылдардағы жол тораптарында тіркелетін көлік оқиғаларына тосқауыл қою мақсатында Казталов ауданына көптің ұйғарымымен жіберіліпті. 1980 жылы Казталов аудандық ішкі істер бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы лауазымына бекиді. Осынау қызметті 7 жыл табан аудармастан атқарып, Орал қаласына қоныс аударған. Қалалық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, соңғы жылдары медициналық айықтырғыштың кезекшісі лауазымының жауапты жүгін арқалады.
Ихласов Жеңіс Базарбайұлы 1985 жылдың тамыз айында милиция аға лейтенанты шенімен, 17 жылға жуық милиция қызметі сапынан табылып, құрметті зейнет демалысына шықты.
Жеңіс Базарбайұлы жұбайы Аймұқашева Қалила Каримулловнамен отбасын құрған. Қалила Каримулловна аттай 49 жыл ұстаздық еңбек етіп, бүгінгі күні зейнет демалысында. Ұйыған шаңырақтан 9 баланы өсіріп-өндіріп қанат қақққызуда. Қыздар ұзатылып, өріс кеңейді. Ұлдар отбасын құрып, немере сүйгізді. Ұл-қыздарының жоғары білім алуына себепкер болып, жанұшыра жүріп, қанаттарынан демеді. Қос-қостан диплом иегерлері Астана, Ақсай, Қарағанды қалаларында жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруда.
Ардагер Жеңіс Базарбайұлы мен ұлы ұстаз Қалила Каримулловна еңбекпен піскен жандар. Әлі күнге еңбек көрігін қыздырып, қажырлы еңбекқор ата-ананың үлгісін көрсетіп келеді. Жандары жомарт, кең пейілді Ихласовтар отбасының жапырағы жайылып, шөберелері қос бәйтеректің көлеңкесінде саялауда. Жылылық шуағын шашқан ардагерлер отбасының шуақты күндері көп болсын дейік…
Гүламан Исмагулова,
Орал қ.ПБ баспасөз қызметі