ҚОС ҰЛТҚА ОРТАҚ ТҰЛҒА ҰЛЫҚТАЛДЫ


Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Орал қалалық кітапханалар жүйесі №8 кітапхана-филиалының орталықпен бірлесе ұйымдастыруымен бауырлас татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың 135 жыл толуына орай, ақының өмірі мен шығармашылығына арналған «ҚОС ҰЛТҚА ОРТАҚ ТҰЛҒА» атты танымдық іс-шара өтті.


Карантин талаптарына сай өткен іс-шараға қатысушылар алдымен Ғ.Тоқайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликті тамашалады. Іс-шарада сөз сөйлеген орталық директоры Б.Халиолла түркі әлеміне ортақ ақынның ғұлама қаламгер болып қалыптасуы Ғабдолла Тоқайдың балалық және жастық шағының куәсі – Орал қаласымен тікелей байланысты болғанын атап өтті. Әке-шешеден жетім қалған бала Ғабдолла Оралдағы апасы Ғазизаның қолында өсіп, білім алады. Расында, ұлы ақын Ғабдолланың әдеби білімі мен кісілік һәм қайраткерлік келбетінің қалыптасуына, эстетикалық талғамының өсуіне Оралдағы білім ордаларының, зиялы қауымның, апа-жездесі Ғазиза мен Ғалиасқардың, өзі оқыған медресенің бас имамы Мотыйғулла хазіреттің ықпалы зор болды. Б.Ергенұлы өз сөзінде атап өткендей, қасиетті Орал топырағынан нәр алған Ғабдолла шайырдың түркі миллетінің бірлігі мен күрескерлік сарынға толы шығармаларының алаштың Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұт сынды ақындардың туындыларымен үндес, рухтас болуы заңдылық еді.


Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қазақ халқының көрнекті ақындары Қ.Аманжолов, М.Мақатаев, Ж.Ерманның мерейтойларымен қатар келіп отырған Ғ.Тоқай шығармашылығын кеңінен насихаттау бауырлас екі ұлттың алдындағы перзенттік парызымыз екенін атап өтті.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан Қазақстан Фотожурналистер Одағының мүшесі, «Шапағат» медалінің иегері, танымал фотограф, татар ұлтының өкілі, Қазан мен Орал арасындағы мәдени ынтымақтастыққа зор үлес қосып жүрген Рафхат Халелов ақын өмірі мен мұрасы туралы сыр шертіп, әдебиеті мен өнері егіз, түбі бір туыс халықтардың мәдени байланысына кеңінен тоқталып өтті.
Іс-шарада кітапханашы А.Саматова ақынның шығармашылығы туралы библиографиялық шолу жасады. Сонымен қатар, Ресейдің Самара қаласында өткен халықаралық байқауға Қазақстанның атынан қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алған Рафхат Халеловтың үлкен қызы Разалия Рафхатқызы татар тілінде оқыған өлеңін бейнеүзінді ретінде жолдаса, 4-сынып оқушысы Халелова Эльвира Рафхатқызы татар тілінде ақын өлеңін оқып берді.


Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында елімізге жұмыс сапарымен келген Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесуінде Нұр-Сұлтан қаласынан татар халқының көрнекті өкілі, айтулы ақын Ғабдолла Тоқайдың атына бір көше берілетінін және пандемия біткеннен кейін Қазақстанда Татарстан мәдениеті мен өнерінің күндерін атап өтетінін мәлімдеді.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *