Орал қаласында 5517-әскери бөлімінде 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан Республикасының ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир мәреге жетті.
Жалпы жарысқа бұл жолы жеті команда қатысып,өз бақтарын сынады.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ербол Антай қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.
Турнир қорытындысында материялдық техникалық қамтамасыз ету ротасының командасы жеңімпаз атанса, арнайы жасақ жауынгерлері 2 орынды иеленді, ал үшінші орынды 2 атқыштар ротасының спортшылары қанағат тұтты.Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұландық жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2 мыңнан аса офицері мен сарбазы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальонында ТМД сыртқы шекараларын қорғау үшін тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін атқарған болатын. Сол бір қайғылы оқиғаны еске алар болсақ, осыдан 26 жыл бұрын, 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясын атқарып жүрген сарбаздарымыз қарулы лаңкестік топтардың тұтқиылдан жасаған шабуылына тап болған еді. Есіл ерлер Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында күші өздерінен әлденеше есе басым содырлармен ақтық демдері қалғанша шайқасқа түсті. Төрт сағатқа созылған кескілескен ұрыс 17 сарбазымыздың жасын ғұмырын мезгілсіз қиды, отыздан астамы жарақат алды.Дегенмен, қайсар ұлдарымыз ел сенімін адал ақтады, жауға жанкештілікпен тойтарыс беріп, ұрпаққа ұран болар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ерлік өшпейді, ол уақыт өткен сайын айбындана түседі. Есіл ерлер әрқашан ел есінде, қастерлі Отанның қауіпсіздігі жолында жаужүрек ұландардың атқарған істері мәңгілік құрмет биігінде.
Ерлікпен қаза тапқандардың бірі, Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында туып-өскен сержант Радик Қаймулдиев көз жұмғаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның атында қазіргі кезде Шыңғырлау ауылында көше бар.Сондай-ақ 2011 жылы 5517-әскери бөлім аумағында 17 қазақстандық жауынгердің құрметіне ескерткіш орнатылды.
«Батыс» өңірліқ қолбасшылығының баспасөз қызметі