Компьютерлік желілер телекоммуникация нысаны ретінде әлеуметтік шындықтың принципті жаңа қабаты болып табылады. Біздің уақытымызда ең кең таралғаны — «дүниежүзілік желі» деген атпен танымал интернет-компьютерлік желі.
Енді сізге кинотеатрға, сүйікті тобыңыздың концертіне барудың қажеті жоқ, кітапханада отырып, дүкен аралаудың қажеті де шамалы. Монитордың экранынан шықпай-ақ барлық қажетті ақпаратты ала аласыз. Бұл психологиялық бұзылыстың жаңа түрі интернетке тәуелділікке әкелуде.
Қазақстанда ғаламторға тәуелділік проблема ретінде шамамен он жыл бұрын қабылдана бастады. Бірақ ата-аналар мен мұғалімдердің жиі шағымдарына қарамастан, интернетке деген ынта жаңа технологияларының жетістігі болып саналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір жасөспірімнің ғаламторда немесе компьютерлік клубта қосымша сағат өткізу үшін ұрлық жасап, өзге де әрекеттерге баруы жайында ақпараттар көптеп пайда болған еді. Бұл қаржылық жағдайға немесе білім берудегі кемшіліктерге байланысты болды деп ойлаймын. Ақтөбелік психиатрлар бұл жағдайды бұрын-соңды болмаған пропорцияларға ие деп санады, әсіресе мектеп оқушылары арасында жиі кездесті. Мамандар мұны «әлеуметтік эпидемия» деп атайды.
Сонымен қатар көлік және коммуникация министрлігінің бағалауы бойынша, Қазақстанда интернетті қол жетімді пайдаланушылар саны 9 миллион 400 мыңнан асты. Республика тұрғындарының 17 миллиондық деңгейге әлі жақындамағанын ескерсек, бұл осал көрсеткіш емес. Алайда сарапшылар бүкіләлемдік желі көптеген қауіп-қатерлерге толы екенін ескертеді.
Асыл Сәрсенбай,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ 2-курс студенті