Салаға енгізілген өзгерістер нәтижеге бағытталуы тиіс

Батыс Қазақстан облысына наурыздың 13-і күні жұмыс сапарымен Үкімет мүшелері келді. Басты мақсат – Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асырудың жай-күйін өңір тұрғындарына түсіндіру.

Әлеуметтік салаға жауапты министрлердің бірі — ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бұл күні Орал жоғары аграрлық-техникалық колледжінде, «Жәңгір хан» жеке балабақшасында, №50 орта мектепте болды. Сонымен қатар жұмыс тобымен бірге өңір жұртшылығымен кездесіп, азаматтарды қабылдады.

№50 орта мектепте өткен кездесуге аталмыш білім ордасының ұжымы, қала мектептері мен балабақшаларының директорлары қатысты. Кездесуде сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Елбасының тапсырмасына орай аз қамтылған отбасыларды қолдау, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту, халықтың тұрмысын түзеу бағытында қолға алынатын іс-шаралардан хабардар етті. Бұдан әрі білім саласындағы өзгерістерге ойысқан министр Күләш Шәмшидинова көпшілікті толғандыратын жалақы мәселесінен бастады.

«Білім саласында ең алдымен жалақысы төмен техникалық қызметкерлердің айлық табысы көбейеді. Ұстаздардың табысы 2009 жылдан бастап бірнеше рет жоғарылағаны белгілі. Былтыр еңбекақыларыңыз кәсіптік шеберліктеріңізге байланысты көбейді. Қазіргі таңда ең төменгі жалақы 90 мың теңгенің айналасында, орташа жалақы 140-150 мыңдай, ал жоғарғы жалақы 160 мың теңге төңірегінде. Ауылдық жерлердегі мектептерде 18 сағат жүктемесі бар, жоғары санатты педагогтардың айлық табысы 190 мың теңгеге жетіп жығылады. Төменгі жалақы деңгейі 100-110 мыңнан басталады. Жалпы ұстаздардың жалақысы кәсіптік шеберліктері мен жұмыс өтілдеріне байланысты. Министрдің айтуынша, Елбасы соңғы жылдары білім саласына енгізілген бірқатар өзгерістерді нәтижеге бағыттауды тапсырған. Соның ең бастысы – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Алдағы үш жылдың ішінде жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес 144 мың мұғалімнің біліктілігін арттыру жоспарланған. 85 мың психологтар мен сынып жетекшілеріне арналған курстар жұмыс жасайтын болады. Бұдан бөлек жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогтарын оқыту көзделген. Әсіресе, педагогикалық оқу орындарының оқытушылары жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқытылады. Өйткені олардың осы жүйеге маман даярлайтыны түсінікті», — деді Күләш Ноғатайқызы.

Сондай-ақ сала министрі химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесіне де назар аударды. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту мұғалімдердің, мектептің дайындығына байланысты біртіндеп енгізілмек. Бүгінде 150-ге тарта мектепте пәндер ағылшын тілінде жүргізіле бастапты. Олардың іс-тәжірибелеріне де мониторинг жүргізіліп, жіті зерделену үстінде. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері «Жүйелі әдістемелік кешен» порталында ағылшын тіліндегі бөлімді ашуға дайындалуда. Бұл да мұғалімдерге үлкен көмек болары сөзсіз. Ал қазақ тілін латын қарпіне көшіруге байланысты қазақ тілі пәні мұғалімдерімен жұмыстану көзделуде. Әңгіме барысында жаңартылған білім мазмұнына тоқталған Күләш Ноғатайқызы бұл — уақыттың талабы, сондай-ақ ұстаздық мамандықтың да жауапкершілігі жоғары екенін айтты.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірімізде педагог мамандар даярлайтын оқу орындарының оқытушыларын Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасымен оқытуға күш салынатынын мәлімдеді. Кездесу барысында мұғалімдер бірқатар сауалдар жолдап, жуырда тағайындалған Білім және ғылым министрінің жұмысына сәттілік тіледі.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *