Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық заң бұзушылық. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Орал қаласында аталған заң бұзушылық бойынша барлығы 508 арыз-шағым тіркелген.
Бұл туралы қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі хабарлады. Сонымен қатар тұрмыстық құқық бұзушылыққа жататын төрт қылмыстық оқиға орын алған. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 99 бабымен (адам өлтіру) – біреу, 106-бабымен (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) – біреу, 107-бабымен (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) – екеу. Бұндай қылмыстардың басты себептері – маскүнемдік, жұмыссыздық, тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар. Оралдағы полиция басқармасында маскүнемдікке тәуелді – 329, нашақорлыққа тәуелді 232 тұлға есепте тұр.
Отбасылық тұрмыстық жағдайлар барысында орын алатын қылмыстардың жолын кесу мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 352 (2019 жылы 339) тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 450 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы қойылып, 54 (2019 жылы 14) адамға қатысты ерекше талап алынды. 140 тұрғын наркологиялық профилактикалық мамандандырылған емдеу мекемесіне орналастырылды. Уақытша оқшаулау және уытсыздандыру орталығына 2306 оралдық жеткізіліп, 1720-сы сол мекемеге орналастырылды.
Қазіргі төтенше жағдай кезінде барлығы 130 арыз-шағым түссе, оның 48-іне ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 78 қорғау нұсқамасы қойылды. Мамандандырылған дағдарыс орталығына 101 адам жеткізіліп, оның 23-і аталған мекемеге жатқызылды. Сондай-ақ 23-іне психологиялық, 11-не заңгерлік көмек көрсетілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда Қылмыстық кодекстің 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 73-бапқа сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап белгілеу – ҚР Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 22-бабына сәйкес әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы, ол әкімшілік жаза қолданумен қатар немесе әкімшілік жауаптылықтан босатылған кезде соның орнына қолданылады. Қорғау нұсқамасы қойылған тұлғалар ІІО-нда есепке қойылады және оған бақылау жүргізіледі, қолдану мерзімі – берілген кезден бастап 30 тәулік. Тексеру мерзімі – күнтізбелік 7 күнде кемінде бір рет. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет.
Өз тілшіміз