Соңғы екі күнде облысымызда «COVID-19» инфекциясын жұқтырған бес жағдай тіркелді. Олардың біреуі кеше кешкі уақытта анықталса, қалған төртеуі бүгін белгілі болды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.
Жұқпалы індетті жұқтырған бес азаматтың біреуі бұрын коронавирус жұқпасы анықталған науқаспен байланыста болуы себепті карантиндік стационарға орналастырылып, коронавирус жұқпасына сынама алынған. Ал төрт азамат Ресей Фелдерациясынан келген. Самара облысымен шекарадағы «Сырым» бекетінде эпидемиологтар тиісті алгортимге сай оларға байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізіп, карантиндік сатционарға жолдама берген. Ол жерде коронавирус жұқпасына сынама алынған. Бұл азаматтардың екеуі – Қызылорда, біреуі – Шымкенттің, біреуі – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. Бүгінгі күні ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен бес пациенттен де COVID-19 диагнозы нақтыланып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылған.
– Әлеуметтік желілер арқылы «Ресей Федерациясынан келген азаматтарды шекарадан өткізбеу керек» деген ұсыныстар айтылуда. Дегенмен, олардың жұмыс бабымен немесе емделу мақсатымен Ресейге уақытша барған біздің елдің және басым бөлігі облысымыздың азаматтары екенін қаперге алғанымыз жөн. Шекарадан өткенде эпидемиолог мамандар оларды тексереді және елдің ішінде вирустың таралуына жол бермеу мақсатында бірден карантиндік стационарға жатқызылуда. Лабораториялық зерттеу қорытындысымен коронавирустық инфекция анықталғандары облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылады. Теріс нәтиже болса, 14 күнге үйде оқшаулануға жіберіледі және медициналық бақылауда болады. Облыс тұрғындарын жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауларын сұраймыз, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Еске сала кетсек, өңірімізде коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайлары 29 наурызда тіркелді. 21 сәуір күнгі жағдай бойынша облысымызда COVID-19 коронавирустық инфекцияға шалдыққан 68 адам анықталды. Екі науқас сауығып, үйіне шығарылды. Қалған 66-сы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.
Ләззат ҚАЖЫМОВА