Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мемлекеттік білім беру грантына қойылатын талаптардың күшейтілетінін айтты. Ол бұл туралы бүгінгі халықаралық PIAAC бағдарламасының нәтижелеріне арналған жиында мәлімдеді, — деп хабарлайды BAQ.KZ
Бүгінгі зерттеулердің нәтижесі жоғары білім сапасын өзгерту қажет екенін айқын көрсетіп берді. Мұны оқушылар мен студенттердің функционалдық сауаттылығын арттыруға бағыттау керек. Биылғы жылы 56 мыңнан астам грант бөлініп, конкурста небәрі 1,2 адам бір орынға таласқан. Яғни, қалаған кез келген үміткер грантқа түсе алды, — деп жауап берген.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұл білімнің сапасына кері әсер етеді.
Әлбетте, гранттар берілу керек. Дегенмен, егер бөлінетін гранттың санын азайтатын болсақ, онда грант құнын көбейтуге тиіспіз. Тікелей қаржыландыру осы гранттар арқылы ғана жүргізіледі. Бүгін бұл жеткілісіз. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысын көтеру бұл параметрлерге сәйкес келмейді. Сондықтан да гранттың құнын арттыру ЖОО-дағы ахуалдың жақсаруына себеп болады, — деп түйіндеді.
Оның айтуынша, грантқа деген бәсекелестіктің арқасында білім сапасының артуына қол жеткіземіз.
Жалпы, біз 2018 жылдан бастап жоғары оқу орындарының академиялық тәуелсіздігін дамытуға бағытталған жұмыстар атқарып жатырмыз. Мұндай қадам жоғарғы білім көрсеткішінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді, — деп түсіндірді Шолпан Қаринова.
Вице-министр студенттерге беретін білім сапасын арттыру қажеттігін де айтқан.
Дәл қазір грантты осынша қысқартамыз деп нақты сандар келтіріп айта алмаймын. Гранттар санын қысқарту керек деген мәселе жоқ. Біздің мақсат –студенттерге беретін білімнің сапасын арттыру. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы аналитикалық топ айналысуда. Мемлекет тарапынан берілетін гранттың бағасы білім сапасына лайықты болуы шарт. Талдау жасап, мониторинг жүргіземіз. Сол кезде нақты қорытындысын айтатын боламыз, — деп мәлімдеді білім және ғылым вице-министрі.