Балық аулау ермек болғанмен, қауіпсіздікті де ұмытпаңыз

Балық аулау – облыс тұрғындарының көпшілігінің ермегі, кәсібі. Ол шыдамдылықты, сақтықты және физикалық дайындықты қажет етеді. Әккі балықшылар балыққа жылдың қай мезгілі болсада да шыға береді.

Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қайықта отырып балық аулағанда сақ болу қажеттігін ескертеміз. Қайықта балық аулаудағы қауіпсіздік шарасы – ұқыптылық пен тиянақтылық. Жүзу білмейтін адамдар қайыққа отырмағаны жөн.

Балыққа шығар алдында қайықты, ескекті мұқият тексеріп, үрлемелі қайық болса клапандарын қарап шыққан дұрыс. Мұз сеңі жүріп жатқанда балыққа барғанда, қайыққа отырмағанның өзінде, құтқару жилетін бірге алып шығу керек. Ол болмаған жағдайда орнына аузы тығыздап жабылған бос бес-алты пластикалық ыдысты қолдануға болады. Сонымен қатар балыққа жалғыз бармай, қасына серік болар адам ала шыққан жөн.

Келесі қарапайым ережелерді сақтағанда ғана, балық аулау демалысы қауіпсіз өтеді.

Сіз балыққа шығарда жақын адамыңызға нақты қай жерге баратыныңызды айтуды ұмытпаңыз. Шығар алдында ауа райы болжамын анықтап алыңыз, себебі судың көтерілуіне ауа райының өзгерісі себеп болады. Әрдайым ұялы телефоныңызды бірге алып жүріңіз, егер зардап шеккен адамды кездестірсеңіз, дереу көмек шақырыңыз. Қосымша көмек келгенше өзіңіз қолыңызда бар жабдықпен алғашқы көмек көрсетіңіз.

Қайыққа отырғанда құрал-жабдықтарыңызда реттеп алыңыз, ал үрмелі қайықта аяғыңыздың астына еш нәрсе қоймаңыз. Сондай-ақ:

  • қайыққа артық жүк салмаңыз;

— қатты жел немесе толқын болғанда қайықтың бір жағын ұстап отырмаңыз;

  • ағысқа жақын бармаңыз;
  • катердің немесе үлкен су көлігінің алдынан шықпаңыз;

—    егер моторлы қайық болса үлкен су көлігін айналып өтіңіз.

Үрмелі қайықтың үстінде тұрып балық аулауға мүлде болмайды. Зәкірді көтерген кезде қайықтың орындығына шығып тұрмаңыз. Қайық аударылған жағдайда оны жармаса ұстап, жағалауға бағыттап жүзу қажет. Егер қатты жауын-шашынға тап болсаңыз, мүмкіндігінше жағаға шыққаныңыз дұрыс. Ал жағалау алыс болса, үстіңізге плащ немесе пленка жамылып ықтаңыз.

Ең қауіптісі, балыққа ішімдік ішіп, түнгі уақытта шығуға болмайды. Біздің ең негізгі құндылығымыз – адам мен оның өмірі екенін ұмытпаған жөн.

И.УТЕШЕВА,

қалалық ТЖ басқармасының аға инженері

 

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *