Бүгінгі жас сарбаз – ертеңгі ел патриоты

Батыс Қазақстандағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалыстары белсенді жұмыс атқаруда деп хабарлайды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.

Елбасы Жолдауында жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беруге және олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға баса мән берілген. Осындай мақсат-міндет үдесінен шығатын өңірдегі «Жас сарбаз» қозғалысының мақсаты – жастарды патриоттық сезімге баулу, экстремистік идеологияларға қарсы тұруға тәрбиелеу.

Жасөспірімдермен жұмыс барысында олардың ҚР Қарулы Күштеріне деген құрметін арттыруға, әскери салаға бағыттауға, олардың әскерге деген оң пікірін қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі патриот жастардан құралған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға мән беріледі.

Еске  сала кетсек, биылғы оқу жылынан бастап облыс аудандары мен қала мектептерінде «Жас сарбаз» сыныптары ашылды. Оқу жылының басында ондағы білімге құштар, спортқа бейім 5-9 сынып аралығындағы оқушылар ант қабылдады. «Жас сарбаз» сыныбында оқу бағдарламасымен қатар арнайы кесте бойынша саптық даярлық, әскери оқыту және тәрбиелеу теориясы, атыс даярлығы сынды қосымша сабақтар өткізіледі. Оқушылар жыл ішінде ғылыми жобаға, пәндік және спорттық жарыстарға, мерекелік іс-шараларға, әскери бөлімдегі ашық есік күндеріне қатысады.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *