Өткен аптада М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да ұйымдастырылған Саялбек Ғиззатовтың жаңа еңбегінің таныстырылымында болған ұстаз-ғалымдар осындай пікірде.
Аталған іргелі оқу орнының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатовтың монографиялық еңбегі «Жаңабұлақ тарихы» деп аталады. Туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікпен, үлкен ізденіспен жарыққа шыққан кітаптың құны да жоғары.
Алдымен сөз алған автор жаңа туындысының мазмұнымен таныстырып, өз ауылы туралы жазылған кітапқа арқау болған тарихи деректер туралы айтып өтті. Саялбек Махамбетұлы әрбір саналы азамат туып-өскенатамекеніне қандай да бір шарапатын тигізуі керек деп санайды.
– Өзім дүниеге келген, бүгінгідей дәрежеге жетуіме септігін тигізген туған жерім үшін не істей аламын деген сауал мені де мазалайтын еді. Архитектуралық нысандар салып беретін кәсіпкер емеспін. Сондықтан қолымнан интеллектуалды қызмет келетін тұлға ретінде ауылымның тарихы туралы кітап жазуды ұйғардым. Бұл – менің перзенттік парызым деп есептеймін. Материалдарды 2007 жылдан бастап жинақтап келемін. Менің ойыма түрткі болған тағы бір құжат – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бөлімі. Алғашқы кітабым 2016 жылы шыққан «Бөкей Ордасындағы жер үшін күрес» деп аталады. Сол кітаптың тұсаукесерінде ауылдың тарихын жазу жөнінде ұсыныс айтылды. Оны да өзіме жүктелген міндет секілді қабылдадым, – дейді жас ғалым.Тарихшы ретінде С.Ғиззатов өзінің монографиясын жазу барысында ақиқатқа сәйкесетін оқиғаларға, нақты деректерге арқа сүйеген. «Жаңабұлақ тарихы» еңбегін жазардаелімізден бөлек Ресей аумағындағы мұрағаттарда сақталған құжаттармен жұмыстанып, көптеген қызықты мәліметтерге кезіккен екен.
Шара барысында сөз алған ғалымның ұстаздары, өлкетанушылар, қоғам белсенділері еңбекке өз бағаларын беріп, өлке тарихын зерттеуге қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ еліміздің өзге өңірлеріндегі тарихшы ғалымдардың бейнеэкран арқылы жолдаған пікірлері тыңдалды.
– Автордың 400 беттен, 14 тараудан тұратын кітабының көлемі үлкен. Мұнда Жаңабұлақ ауылының тарихы сонау ежелгі кезеңнен бастап күні бүгінге дейін баяндалады. Жалпы өлкетану – көп қырлы, кешенді құбылыс. Өлке тарихының тарихи рөлі ерекше. Тәуелсіздік алғанға дейін бізде көп нәрселер ашылмай, өз деңгейінде зерттелмей келді. Осындай еңбекті жұртшылыққа таныстырудың маңызы зор. Өйткені өлкенің тарихын білу жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді, – деді Саялбек Махамбетұлының ұстазы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков. Ғалым арыны да, қарымы да кең шәкіртінің әлі талай дүние жазарына сенім білдірді.
Еске сала кетсек, ғалым-ұстаз Саялбек Ғиззатовтың жаңа кітабының таныстырылымы бұған дейін шілде айында туған жері – Жаңабұлақ ауылында (Ақжайық ауданы) өткен болатын. Шағын ғана елді мекеннің арғы-бергі тарихын түгендеген көлемді еңбек енді көзі қарақты оқырманға әркімнің туған өлкесі – тұнып тұрған тарих екенін ұқтырары анық.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Р.ХАЛЕЛОВТІҢ суреті