Арманынан қол үзген жас ана

Біздің кейіпкеріміз Марина (есімі өзгертілді) отбасымен шетелде тұрса да, қазақ жігітімен тұрмыс құрып, бақытты отбасы болуды армандаған. Алайда арманының күлі көкке ұшқан қаракөз қандасымыз жас өмірінің алты жылын Сирия елінде сергелдеңмен өткізген.

Қаракөз қазақ қызымен әңгімеміз өзі армандаған бақытты шақтардағы естеліктерден басталды. – Біз осы өңірдің тумасымыз. Ал Сирияға кетпей тұрып, 2012 жылы әкеміздің бизнесіне байланысты отбасымызбен Араб әмірлігіне бардық. Шетелде тұрсақ та, мен қазақ жігітіне тұрмысқа шығуды армандайтынмын. Сондай арманның жетегінде жүріп, 27 жасымда Түркияда тұратын қазақ жігітімен бас қостым. Түркияның табиғаты, халқының өмір сүру дағдысы өзіме ұнайтын еді, – деп бастады әңгімесін ол. Алайда тағдыр жас жұбайларға бақытты жанұялық өмірді бұйыртпапты. Бір күні оған жолдасы Сирияға баратындарын айтқан. Кейіпкеріміздің соңынан ерген жалғыз інісі бар екен. Тура жолдан адасқан ол да апа-жездесінен бұрын «араб тілін үйренемін» деген сылтаумен сол жаққа өтіп кеткен. Ол кезде Марина мен күйеуі үшін қауіпті аймаққа өту жеңіл көрінген. Сөйтіп 2013 жылы қол ұстасқан екі жас ағайын-туысты, туған жерді тәрк етіп, жат елдің шекарасына кіреді. Әрине, бастапқыда олар ешқандай қиындықты сезінбеді. Жігіт көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайды.

– Біз басында Алеппо деген ауданда, сосын Кафр Лаха деген ауылда тұрдық. Ол жерлер қауіпті болғандықтан, әйелдерді Ракхаға көшірді. Ол қалаға үш айдай жол жүріп бардық, – дейді ол. Күндер өте тұңғыш сәбиіне жүкті екенін сезеді. Бірақ жас келіншекке медициналық мекемеге тіркелуге мүмкіндік болмапты. Бір жағынан денсаулық сақтау мекемесіне баруға жергілікті тілді білмейтіні кедергі болған. Дәрі-дәрмектің орнына емдік шөптерді қолдануға тура келген. Ал баласын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығы сыр бере бастайды. Ол жақта әйелдерді мұсылман «сестралар» босандыратын көрінеді. Абырой болғанда, нәресте аман-сау өмір есігін ашқан.

Соғыстың аты – соғыс. Тұңғыштары тоғыз айлық болғанда Маринаның күйеуі көлікпен минаның үстінен өтіп кетіп, ойда-жоқта қаза табады. Сол уақыттан бастап жесір келіншектің қаралы күндері, яғни «идда» мерзімі басталады. – Ондай уақытта үйден ешқайда шықпайсың, әшекей тақпайсың, боянбайсың, әдемі киінбейсің  деп түсіндірді бізге. Қара жамылып төрт ай, он күн отырдым. Күз айында жесір әйелдерді балаларымен бірге Иракқа, Аль-Хайм деген жерге көшірді. Бір үйде жеті әйел, жеті бала тұрдық. Аулаға екі-екіден кезекпен шығарады. Дәрігерге өздері апарып келеді. Ауылды жиі бомбалап кетеді. Сосын бізді Убайди деген жерге көшірді. Онда базарға шығып, керек-жарақтарымызды алып, аулаға емін-еркін шығатынбыз, – деп әңгімесін жалғады кейіпкеріміз.

Жарының о дүниелік болғанына бір жылдан асқанда, Марина екінші рет өзінен жасы үлкен қазаққа тұрмысқа шығады. Қиын күндер, көшіп-қонулар мұнымен тыйылмайды. Жаздың соңында олар Ракха қаласының бір ауданына қоныс аударады. Ол жерде 2017 жылдың наурыз айына дейін тұрақтап, кейін Даблян деген елді мекеннен бір шығып, онда күзге дейін тұрған. Сөйтіп жүргенде екінші күйеуі бомбалау кезінде қайтыс болған. Бұл кезде келіншек екінші баласына жүкті екен.

Жағдай бұрынғыдан бетер қиындай түседі. Екінші нәрестесін босанған ананың денсаулығы әлі дімкәс еді. Оның үстіне толастамаған көшіп-қонулар, алқымнан алған жоқшылық, аштық сергелдең кешкен жандарды мүлдем есеңгіретіп тастайды. Осының бәрі Маринаның саулығына кері әсер етіп, сәбилі болғаннан кейін де күтінбегендіктен, күннен-күнге әлсірей берген. Қолда барды талғажау етіп, халықтық медицинаға сүйеніп, өз-өзін аяққа тұрғызуға тырысып бағады. Тағы да Махар деген жерге қоныс аударады. Бір күні «сестралары» бір адамның үйленгісі келетінін айтып, жесір келіншекті үшінші рет тұрмыс құруға үгіттей бастайды. Олардың «Саған күтім жасайтын адам керек. Мына жағдайда ауруыңнан айықпайсың» деген «ақылымен» кейіпкеріміз 37 жастағы қырғызбен көңіл жарастырады. Басқа амалды қарастыруға мұрша болмады, өйткені ендігі уақытта олармен ешкімнің ісі жоқ еді. Сөйтсе, өзіне қарайласады деп сенген адамының өзі де науқас болып шығады. Оның үстіне Маринаға екінші әйел ретінде үйленгендіктен, бірінші отбасымен тұрған.

– Бала босанғаннан кейін зомби секілді жүресің. Үздіксіз бомбалаулардың кесірінен көп нәрселерді ұмытып қаласың. Сырттай қалыпты көрінгеніңмен, ішіңде бір «толқын» пайда болады. Ол сенің ішкі ағзаңа зардабын тигізеді. Тіпті жарылған бомбадан соң кей әйелдердің ішіне жын ұялайтын сәттер болады екен. Ондай қорқынышқа тап болмасақ та, өзімнің де, балаларымның да денсаулығы мәз болмады. Ал үшінші күйеуімнен мүлдем көз жазып қалдым, – деді жерлесіміз.

Маринаның ендігі арманы – лажын тауып қауіпсіз орынға паналау болды. Соғыс аймағынан шығу үшін ақша қажет болды. Бірақ жаны күйзелген анада қаражат қайдан болсын. Тіл білмегендіктен, сыртқы жағдайға да жарытып қанықпаған келіншек бір медреседе тұрып жатады. Сонда келген орыстілді дағыстандық әйелдерден «қауіпсіз жер» барын естиді. – Айтуларынша, оған шығып кету үшін адам басына кем дегенде 800 доллар қажет екен. Одан әрі Түркияға да шыға аласың, оған да сәйкесінше 6-8 мың доллар төлеуің керек деді. Менде ақша да, балаларымда жөргек те жоқ еді, – деді ол.

Әйелдер айтқан қауіпсіз жер – күрдтердің лагері екен. Таудың қасында орналасқан ол аймаққа жету үшін кем дегенде 7-8 шақырым жаяу жүруің керек. Тағы бірде лагерьге тегін жетуге болады деген қуанышты хабарды естиді. Бірақ ол үшін «Камаз» көлігінің жолын тосуға тура келді. Кішірегін балалар арбасына салып, үлкенін қолына алып аласұрған ана сол мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады. Бірақ оның орайы да бірден түсе қоймапты. Бір күні келіп, екінші күні келмейтін «Камаз» алдымен жаралыларды ғана алып кеткен. Жас ана күнде балаларына тамақ іздеп шығады. Бұлар тұрақтаған жерге екі күн қатарынан бомба тасталады. Күткен көлігі келмеді ме, әлде ол үлгермей қалды ма, әйтеуір соғыс алаңынан алшақтаудың өзі мұң болады. Сөйтіп сандалып жүргенде, келіншек балаларын қойып кеткен жерді таба алмай қалады. Сол қорқыныш пен азапқа толы күндерді егіліп отырып есіне алған ана: – Қараңғы түн болатын. Жолды қарап келейін деп, оларды бір жерге қойып кеткен едім. Қайтарда жолдан адасып қалдым. Арабтарға екі баламның біреуі арбада екенін, үстіндегі киімдерін барымша түсіндіріп, көмек сұрадым. Олар табуға көмектесіп, бізді өзен жағасындағы орнымызға апарып тастады. Таңертең қайтадан шықтым. Әйтеуір бұл жолы түстен кейін көлікке іліктік. Үш күндей жолда жүріп, күрдтердің лагеріне жеттік. Мұнда көбі Сириядан ақша төлеп келгендер, түрмеге түсіп шыққандар екен. Арасында түрлі ұлттың өкілдері бар. Мұнда өз тіршілігімді жасай бастадым. Бірен-саран заттар, тәтті нандар пісіріп сатып, азын-аулақ ақша жинадым. Ақшамды тығып жүретінмін, себебі күрдтер байқаса тартып алады. Күн салқын болғандықтан, жылытатын пеш сатып алдым. Балаларыма жаялық, жеміс-жидек, киім, тамақ алатынмын. Лагерьде айына бір азық-түлік, гигиеналық заттар беріп тұрды. Бірақ оны таратқан кезде алып үлгеруің керек. Ұялы телефон ұстау да қауіпті. Ондай әрекетіңді байқаса, балаларыңмен бірге түрмеге қамайды, – деді. Алғашқыда басқалармен бірге тұрған Марина әупірімдеп жүріп «Қызыл ай» қоғамы үлестіретін тегін палаткаға қол жеткізді.

Ел жаққа елеңдеп жүретін қазақстандықтар лагерьде жүріп, Отанға қайтуға болатыны туралы жақсы жаңалықтан құлағдар болады. Маринаны да Оралдағы анасы іздестіріп жүр екен. Лагерьдегі батысқазақстандықтар арқылы қызының хабарын естиді. Дегенмен, ұялы телефонмен ашық сөйлесуге мүмкіндік жоқ, Марина ретін тауып анасымен жасырын тілдеседі. Орайы келгенде әлеуметтік желі арқылы анасына суреттерін жібереді. Сөйтіп күрдтердің лагерінде үш ай паналаған оралдық ана «Жусан» операциясының арқасында туған жерге оралған.

Мінекей, жоғары білімді қазақ қызы ештеңенің байыбына бармастан, осындай сергелдең өмірге тап болған. Намазға жығылып, діни ілімге бет бұрдым деп ойлағанда, жалған жолға түскенін өзі де сезбеді. Бүгінде ол жақта үйреткен діни білімнің қате екенін білді. Сөз арасында кейіпкерімізден Сирия асқан бауыры туралы сұрадық. Өкінішке орай, одан әлі хабар-ошар алмапты. Әпкесінің ойынша, інісі жалған дінді насихаттап жүрген адамдардың құрығына түскен секілді. Ол жақта оны бар-жоғы екі рет көріпті. Інісі «браттармен жүрмін» дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпаған. Әкелері БАӘ-де тұрғанда ауырып қайтыс болған екен.

Кейіпкеріміз қазір перзенттерімен бірге анасының жанында. Дегенмен, азапты күндердің салған сызаты жазыла қоймаған. Қазіргі уақытта құжаттарын реттеп, балаларын емдетуде. Ал өзінің саулығын қалыпқа келтіруге толық кешенді ем-дом қажет. Ол – алдағы күндердің еншісінде.

Жырақта жүріп отбасының, бостандықтың, бейбіт өмірдің қадірін ұғынған жас ана мұның бәрі діни сауаттылығының төмендігінен деп түсінеді.

– Әр адам өз дінін жете меңгеруі, толыққанды білім алуы керек. Адасу оңай екеніне енді көзім жетті. Біз ислам дініне қызмет етеміз, мұсылман бауырларымызға қолұшын береміз деген мақсатта жат елдің шекарасынан өттік. Бізге сондай үгіт-насихат жүргізді. Ол жақта жүргенде күйеуім «Қазақстанға қайта ораламыз» дейтін. Алайда кері қайтар жол жоқ, – деген келіншек елге аман оралғанына шүкір етеді.

Өлім мен өмір арасындағы арпалысты көзбен көрген кейіпкеріміздің қазір өмірге деген көзқарасы өзгерген. Емделіп, өз-өзіне келген соң өзіне ұнайтын іспен айналысуға ниетті. Бір басына жетерлік өмір сабақ алған Марина енді өзінің жеке тұлғасын қалыптастырғысы келеді. Мемлекет тарапынан Сириядан оралған қандастарымызға барлық көмек жасалуда. Ендігі кезекте тура жолмен болашаққа бет алу – әрқайсысының өз құзырында.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Сирия мен Ирак жерінде 2011-2016 жылдары кеткен 800-ге жуық қазақстандық бар. Елбасының тапсырмасымен отандастарымызды Сириядағы соғыс аймағынан елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының нәтижесінде барлығы 22 ер адам, 137 әйел және 357 бала Отанына оралған. Соның ішінде біздің облысымыздан төрт ер адам, 26 әйел және 62 бала болған екен.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

(сурет ғаламтордан алынды)

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *