Астанада бес баланың өртке оранып қаза болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қоғам белсенділері елдегі жүйені өзгертіп, ана мен бала қауіпсіздігін, әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы ұсыныстарын білдірді. Baribar.kz осыған қатысты саясаттанушылардың, қоғам белсенділерінің әлеуметтік желіде бөліскен пікірін іріктеді.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы:
«Бізде болашақ ұрпақтың қоры, бұрыннан банктер мен биліктің жеке әмиянына айналған Ұлттық қор бар емес пе? Бұл қордан халықтан басқасының бәрі алады. Егер Конституцияда көрсетілгендей жер және оның қойнауы халықтың меншігі болса, мемлекет азаматтарына айлық есептік көрсеткіш бойынша бөлген мардымсыз төлемнен гөрі, шикізаттан түскен пайдадан үлес беру керек. 2012 жылы Нобель сыйлығының лауреаты Эдуард Прескотт шикізат сатылымынан әрбір қазақстандықтың депозитіне ақша аударуды, соның ішінде басымдықты көпбалалы отбасыларға беруді ұсынды. Себебі олар Ұлттық қор қаржыландыратын шикізат компанияларының бәрі қосылып жасағанынан көбірек пайда әкеледі. Бұл отбасылар біздің демографиялық ахуалымызды жақсартады және адам капиталын ұлғайтады. Мұндай депозит болса, бәлкім, көп ана мен әке балаларын асырау үшін жұмысқа беріліп кетпей, қасында болатын шығар. Егер күнде осындай қорқынышты хабар еститін болсақ, жарқын болашақ туралы құрғақ уәде еруді тоқтату керек!»
Ерлан Сайыров, саясаттанушы:
«Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық даму бағдарламасын әзірлеп, жалпыхалықтық пікірталаста қабылдау керек. Халықаралық стандарт бойынша бағдарламада ана мен баланы қорғаудың, қамқорлық жасаудың, дамытудың барлық аспектісін қарастыру керек. Жеке тұлғаларға тиесілі банктерді қорғау үшін триллиондарды жұмсаймыз. Миллиардтарды ана мен баланы қорғауға бағыттайық…»
Арман Шораев, журналист, қоғам қайраткері:
«Көпбалалы аналарға ақшаны қайдан алу керегін анық білемін. Біздің елде Ана деген мамандықтың болу керегін де білемін. Бір баланы дүниеге әкелдің бе — айына 100 доллар ал, екіншісін әкелдің бе — 200, тіпті, бірінші балаң ер жетіп кеткеніне қарама. Үшінші балаңа айына 300 доллар ал. Төртіншісі келсе, төрт бөлмелі пәтер немесе 120 шаршы метрлік үй ал. Саған риза болған мемлекеттен сыйлық болсын. Бесінші балаңа — 500 доллар. Солай жалғаса береді. Бұл миға сыймайтын тәрізді ме? Мүлде олай емес!
Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл — тіпті, мемлекеттігімізді сақтаудың мәселесі…
Бізге ең аз дегенде 35 миллион халқы бар мемлекет керек. Мұндай ел өзін қамтамасыз ете алады және үлкен ішкі нарық қалыптасады.
“Ақшаны қайдан алу керек?” деп сұрайсыз. Бізде ақша жеткіліктіден көп. Олар тек болмашы дүниелерге жұмсалады. Мысалы, Щучинсктегі трамплинді алайық. Оған шамамен 1 миллиард доллар жұмсалды. Республика бойынша трамплинде шамамен 100 адам ғана жаттығады. Алматыда тағы бір трамплин бар екенін де есептеңіз. Оның үстіне Шучинскте қыстың 150 күнінің жартысында ауа температурасы минус 20 градус, кейде одан да жоғары – мұндай кезде секіруге болмайды. Қалған 50 күннің 40-ында желдің жылдамдығы секундына 5 метрге дейін соғып тұрады – трамплиннен тағы да секіруге болмайды. Бес күн қалды. Осы бес күн және 100 спортсмен үшін билік 1 миллиард доллар жұмсады. Дәлел келтіре кетейік, біздің елдің эконмикасынан 50 есе мықты Ұлыбританияда әлі күнге дейін бір де бір трамплин жоқ…
Бірнеше мысал келтірдім. Шын мәнінде Қазақстан картасынан осындай “өлі тіршілікті” көбірек табасыз. Бізге Пантеон не үшін керек, әр объект пантеон екенін білеміз. Біздің ақымақтығымыздың пантеоны, өтірікші депутаттарымыздың, «қорқақ биліктің» үнсіздік пантеоны…
Бір нәрсені болсын іске асырайықшы. Қазіргі және болашақ Аналардың жағдайын жасайық, табанын сүйейік».
Марғұлан Сейсембай, инвестор, қоғам қайраткері:
«Ендiгәрi бұндай трагедия қайталанбас үшiн не iстеу қажет? Бiз қоғам болып немқұрайлы болғанды қоюымыз керек.
Iшкi істер министiрлiгiнiң төтенше жағдай комитетi өрт қауіпсiздiгiн бұзғаны үшiн “предписания” шығарып айыппұл салғанша, өздерi соны үй иелерiмен бiрiгiп шешуі керек. Егер үй иесiнiң оған жағдайы келмей жатса, үкiмет тарапынан көмек көрсетуі керек. Мұқтаж отбасыларды пәтермен қамтамасыз ете алмаса, онда тым құрығанда тұрып жатқан үйлерiнiң қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуі қажет.
Ал азаматтарымыз өмiрiне, туыс-туғандардың өмiрiне, балалардың келешегiне немқұрайлықпен қарамай белсендi азамат болуы керек.
Болған нәрсе болды. Балаларды қайтара алмаймыз, ал осы оқиғадан бәрiмiздің сабақ алуымыз — мiндет».
Мұхтар Тайжан, кәсіпкер, қоғам қайраткері:
«Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салу: 35 миллиард теңге аз, жылына бір триллион теңге бөлінуі керек. Үкімет көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, мұқтаждарға жалгерлік тұрғын үй салу үшін 35 миллиард теңге бөлуді ұсынып отыр. Болжам бойынша, жалдау құны 10-12 мың теңгеден аспайды.
Жалпы алғанда бұл – дұрыс бағыт. Бірақ шынымен жеткілікті емес. 35 миллиард теңгені 30 есе көбейту керек…
Мұндай әлемеуттік шығындарды көтере аламыз ба? Әрине! Бір ғана банк — “Цесна” 1,2 триллион теңгені жұтып қойды. Бұл “Қазком-Халық” және тағы басқаларын айтпағанда.
Бізге мұндай құрылыстар керек пе? Әлбетте! Бірақ тапсырысты тек біздің, қазақстандық құрылыс компанияларына, шағын және орта кәсіпке беру қажет. Терезе, паркет, есік, жиһаз, әйнек, электр сымдар жүйесі, құрылыс қоспасы – барлығы біздің елде шығарылуы керек. Осылайша экономикаға қуатты импульс береміз, көп жұмыс орнын ашамыз, салық та түседі. Халық жұмыспен қамтылады, қылмыс азаяды.
Егер мемлекеттің ақшасын дұрыс басқаратын болса, жылына бір триллион теңгеге осыларды істеуге болады».
Өмір Шыныбекұлы, тарихшы, мұғалім:
«…Қазақстанда білімді қыз-келіншектердің дені білім беру мен денсаулық саласында, яғни осы салаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасау керек. Мәселен, іргелес орналасқан Өзбекстанда “Демографиялық дүмпу” зор дейміз. Ерлерінің үлкен бөлігі шетелдерде гастарбайтер болып жүрген елде дүмпу қандай жолмен іске асуы мүмкін екенін өздеріңіз шамаларсыздар. Ол дүмпуден мемлекет үшін қандай пайда бар? Сауаты кем аналардан туған балалардың көпшілігі ертең гастарбайтер болмауы үшін мемлекет не істеп жатыр? …Халқының санына бола, болашақ Орталық Азиядағы жетекші елдің ролін Өзбекстанға беріп қойған біздің саясаткерлер қатты қателеседі. Көрші елде бар болғаны ертең әлемнің дамыған елдері үшін ең ауыр жұмыстар атқаратын “гастарбайтер жасау” жұмысы жүріп жатыр, яғни индус, бангладештер мен пәкістандықтарға бәсекелестер дайындап жатыр. Қазақстан содан сабақ алуы керек».