Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және Қазақстан Үкіметінің экономикалық өсу қарқынын жеделдету үшін шешуші шаралар қабылдауы аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі жанынан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры базасында ШОБ және бизнестің ірі жобаларын несиелеу үшін «Кепілдік қорлары» іске қосылды.
ШОБ-қа кепілдік қоры үкімет, екінші деңгейлі банктер және өзге де инвесторлармен бірлесіп құрылады. Ол – кәсіпкердің кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда 7 млрд теңгеге дейін несие алуына мүмкіндік жасайды. Бұл құрал қолдау күтетін жобалар көлемінің республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатқа тәуелділігін азайтуға сеп болмақ.
ШОБ үшін кепілдік берудің негізгі шарттары:
- 7 млрд теңгеге дейінгі несиелерге кепілдік беру;
- кепілдіктің максимал мөлшері – несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды;
- кепілдік мерзімі – қаржыландыру мерзімі ішінде.
Дәл қазір Банк ЦентрКредит, Halyk Bank және Freedom Bank сияқты екінші деңгейлі банктермен кепілдік қорына қатысу туралы келісімдерге қол қойылды. Кейіннен қатысушылар саны ұлғаяды.
«Даму» Қорының кепілдігін Банк ЦентрКредит арқылы пайдаланған алғашқы кәсіпкер – Жамбыл облысында «Asatu» брендімен макарон өнімдерін шығаратын – Олег Панкеев болды.
«Қордың жаңа кепілдігінің арқасында біз жаңа цех салу үшін тиімді шарттармен қаржы ала алдық. Бұл біздің бизнес үшін маңызды қолдау және қаражат алу процесі әлдеқайда жеңіл және жылдам өтті. Сонымен қатар, бұл жоба жұмыс орындарын ашуға түрткі болып, өңір экономикасы дамуына ықпал етеді», — дейді кәсіпкер Олег Панкеев.
Ірі жобаларға арналған кепілдік қоры экономиканың нақты секторына өзге де инвесторларды тарту мен ЕДБ өтімділігі есебінен ірі бизнесті несиелеуді арттыруға жағдай жасайды. Ірі инвестициялық жобаларға кепілдік беру қорының капиталы «Бәйтерек» холдингі мен басқа да заңды тұлғалардың капиталы есебінен құралмақ.
Бұл құрал кепілзат тапшылығы проблемасын шешуге, несие көлемін ұлғайтуға және энергетика, байланыс, көлік, туризм, денсаулық сақтау және білім беруді қоса алғанда өнеркәсіп, АӨК және инфрақұрылым сияқты стратегиялық салаларға жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Ірі жобаларға арналған кепілдік қоры үшін кепілдік берудің негізгі шарттары:
- 7 млрд теңгеден басталатын несиелерге кепілдік беру;
- жоба иесі жалпы соманың кем дегенде 20%-ын өзі ұсынуы керек;
- қаржыландыру сомасының қалған 80%-ы Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ), Аграрлық кредиттік корпорация (АКК) және Өнеркәсіпті дамыту қорын (КДҚ) қоса алғанда, екінші деңгейдегі банктерден, халықаралық қаржы ұйымдарынан және/немесе Холдингтің еншілес ұйымдарынан несие түрінде берілетін болады;
- кепілдіктің максимал мөлшері – жоба құнының 30%-ына дейін;
- кепілдік беру мерзімі – 15 жылға дейін.
«Даму» Қорының жанынан ашылатын Кепілдік қорлары бизнес субъектілерінің несиесіне кепілдік берудегі халықаралық тәжірибелерге сай құрылған. Мұндай жүйелердің сәтті мысалы деп – Корея несие кепілдік қоры (KODIT), Түрік несиеге беру кепілдік қоры (KGF), Жапонның несие-кепілдік корпорациялар федерациясы (JFG) және басқаларын атауға болатынын да айта кету керек.
Кепілдік құны шағын және орта бизнес үшін 1,5%, ал ірі жобалар үшін 2% құрайды. Кепілдік қайтарымсыз әрі шартсыз қағидатпен беріледі. Бұл – құралға қаржы ұйымдарының қызығушылығын арттырады.
Кепілдік қорын іске қосудың арқасында 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайып, жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік туады деген жоспар бар. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен бес есе көп.
Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан неғұрлым орнықты құрал – кепілдік беру механизміне көшу жүзеге асырылады. Дегенмен, микро және шағын бизнесті қолдауды үзбеу үшін субсидиялау бағдарламасы 200 млн теңгеге дейінгі несиелер үшін сақталады.
Кепілдік алу үшін кәсіпкер тікелей банкке жүгінуі қажет. Сондай-ақ «Даму» Қорының өңірлік филиалдары немесе 1408 нөмірі бойынша call-орталықтан кеңес алуға болады.
«Даму» Қоры – 100% акциясы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тиесілі ұлттық даму институты. «Даму» Қорының міндеті – микро, шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жан-жақты қолдау көрсету.
Баспасөз қызметінің тел.: +7 (727) 2445566 (ішкі 1048); +77071447520; e-mail: Dinara.Zharkeyeva@fund.kz.