Үкі таққан арудың бағы басым

Бүгінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері жаңғырып, қайтадан қолданысқа енуде. Соның бірі – болашақ қалыңдыққа сырға салумен қатар «үкі тағу» рәсімі.

Қайта жаңғырған салт-дәстүрлермен халқымыздың қанына біткен кей қасиеттер де бірге оралатындай көрінеді. Соңғы уақытта үлкендердің әңгімесінен «бұрынғының адамдары жомарт, ақкөңіл, кішіпейіл, адамгершілігі мол болатұғын» деген аңсауларды ара-тұра естіп қаламыз. Ендеше, ұмыт бола жаздап, қайтадан ортамызға оралған әдет-ғұрыптар адамдардың да санасын жаңғыртып, қазақи болмысымызды оятар деген ойдамыз.

Соңғы уақытта ұзатылғалы жатқан бойжеткендер әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қуаныштарымен бөлісіп, «сырғалы, үкілі қыз» атандым деп суреттерін жариялап жатады. Біз өз кезегімізде құда түсу рәсімінде орындалатын сол «үкі тағу» рәсімінің астарына үңіліп көрдік. Ықылым заманнан бері келе жатқан сол дәстүрдің қазақ отбасыларында қайтадан жанданғаны көңіл қуантады.

Құрандағы таңбаларды еске түсіреді

Үкі – өте сақ, қарапайым,  адал, сұлулығын көрсете бермейтін сыршыл, құпиясы мол құс. Оның киелі саналатын қауырсынын бұрынғы заманда қыздар ғана емес, жігіттер де тағып жүргенін тарихтан білеміз. Бір ғана мысал, ақын-импровизатор Ыбырай Сандыбайұлын халқымыз еркелетіп «Үкілі Ыбырай» атап кеткен. Себебі, ол «Бөркіме үкі тағып, сәндеп киіп…» деп өзі жырлағандай, қазақтың сал-серілеріне тән ортақ қасиетті ұстанып, бас киіміне үкі тағып жүрген. Ата-бабамыз жаңа туған сүйкімді ботаға да көз тимес үшін үкі тағып қоятын болған. Сонымен қатар ертеде сыйлы әрі құрметті мейманға үкі сыйлайтын дәстүр де кең етек алған екен.

Осы ретте қазақ фольклорын тереңдете зерттеп жүрген ғалымның пікірін тыңдап көрдік. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Роза Мұхамбетқалиеваның айтуынша, флора мен фауна, соның ішінде құстар əлемінде үкінің өте киелі саналу себебі қанатындағы бедерлердің Құрандағы таңбаларға ұқсастығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар ұстаз фольклордың діни философиясындағы мына бір аңызды әңгімелеп берді. – Құс біткеннің ішіндегі көзі өткір, түн қараңғысында да жақсы көретін үкі əлемді топан су басқанда Алланың бұйрығымен Нұх пайғамбардың кемесіне жол көрсетіп, Қазығұрт тауына аман-есен жеткізген екен. Сонда Нұх пайғамбар үкіге «əрдайым жолсерігім болып, оң қанатымда болғайсың» деп бата берген көрінеді. Тіпті қалың орманда адасқан адамдар үкінің қанатының қағысымен жүріп отырса, орманнан аман шығатын көрінеді. Кейіннен халық үкіні сенім-нанымына айналдырып алған. Жаманның сөзі, пəле-жаласы мен сұқсұрдың көзі тимесін деп, үкінің үлпілдек бауыр жүнін, қауырсынын сəбидің бас киіміне, бесігіне, қыз-жігіттердің тақия-орамалдарына,  шаштарына, өнерпаздардың ұлттық саз аспаптарына, батырлардың найзасының ұшына тағып қойған. Мұндай мысалдар фольклорда өте көп. Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан серілердің домбыраларында үкі  тағылған деседі. Аллаға серік қосуға болмайтынын білсе де, халқымыз үкі қауырсынының таңбалары Алланың жазуына ұқсас деп, одан қорғаныш іздеген. Үкінің салт-дəстүрден көрініс табуына осындай себептер əсер еткені белгілі, – деген ғалым-ұстаздан қызға «үкі тағу» рәсімінің мәнін де сұрап білдік. Ата-бабамыз «бесік құда» болған кезде де бесікке үкі тағып кеткенін айтқан Роза Қазиқызы: – Қазақтар қызын ұнатқан шаңыраққа сый-құрметімен барып, болашақ келіндеріне үкі таққан. Үкі тағылған қыздың төңірегінде бұдан кейін ешқандай артық әрекет болмаған, өзгелер оған қиянат жасаудан сақтанып, ауылдың жігіт-желеңдері оның абырой-атағын өз қарындасындай қорғап жүрген. Сырға тағу дәстүріне өте ұқсас болғанымен, «үкі тағу» бесік құда болу кезінде де ерекше байқалады. Қыз баланың бесігінде үкі тұрса, оны екі мағынада қабылдаған. Тіл-көзден сақтау үшін ілген немесе «бесік құдалықтың» белгісі деп ұғынған, – деді.

Әдемі дәстүр жалғасты болса…

Әрине, бүгінгі жаһандану кезеңінде үкінің жасанды қауырсынын сатып немесе тапсырыспен алдыратыны белгілі. Ал көне заманда үкіні амалын тауып аулап, бауыр тұсынан мамық ұлпасын құсқа зиянын тигізбей жұлып, өзін тамақтандырып, содан кейін ризашылықпен ұшырып жіберетін болған. Киелі құсты ешқашан өлтірмеген.

Енді өз заманымызға оралып, осы әдет-ғұрып қазақ шаңырақтарында қалай орындалып жүргенін зерделедік. Әдетте, қалыңдыққа сырға және үкі тағу рәсімін күйеу жігіттің жеңгесі орындайтыны белгілі. Олар ата-баба дәстүрімен жеңгелері алып келген болашақ келіннің көрімдігін беріп, содан соң құлағына сырға салып, басына үкі тағады. Осы үрдіс оның айттырылған қалыңдық екенін білдіреді. Осылайша ата-ананың аялы алақанында өскен ерке қыз жаңа өмір белесі – отбасылық кезеңге қадам басады.

Қыз бала – жат жұрттық. Десе де, бауыр еті баласын жатқа қию – ата-анаға оңай болмасы ақиқат. Төрт қызғалдағын аялап өсірген аяулы ана Фарида Бисалиева да тұңғышы, егіз қызының сыңары Бибісарасын ұзатарда осындай күй кешіпті. Қыздарын оқытып-тоқытып, қатарынан кем қылмай өсірген ата-ана текті жермен құдандалы болып, тәтті жиен сүйсек деп армандаған.

– Халқымызда «қыз мұраты – кету» деген ежелден келе жатқан тәмсіл бар. Аттан жығылсақ та, салттан жығылмаған халықтың ұрпағымыз ғой. Біз де тұңғышымызды қазақтың салт-дәстүрімен ұзаттық. Киелі Қаратөбе жерінен қызымызға сырға салу, үкі тағу ниетімен келген құдайы қонақтарымызды қазақы қонақжайлықпен күтіп алдық. Әрине, көзіме еріксіз жас келді, бірақ бұл – қуаныштың жасы еді. Көптің айтатын «Қыздарың үкілеген үмітіңді ақтасын» деген шынайы тілегінің астарын да сол жолы ұқтым. Үкі тағу дәстүрінің Нұх пайғамбардың батасын алған киелі құспен байланысты екені де тегін емес екен. Ата-бабамыздың қайта жаңғырған салт-дәстүрі қандай керемет, – дейді көпбалалы ана. Ол болашақта осы әдемі, астарлы ғұрыптың кеңінен қолданысқа енгізілгенін қалайды.

Тойда гүл лақтыруға тосқауыл қойылды

Қыз ұзату тойларында қалыңдықтың құрбыларына ырымдап үкі тарататынын да көріп жүрміз. Бұл «құрбы-достарыма осындай күнді нәсіп етсін, менің жолымды берсін» деген ізгі ниеттен туындаған дәстүр. Құрбысының тойында сыйға үкі алған маңғыстаулық Гүлнара Ыбырай – Оралдағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. – Маңғыстау жақта бұл салт «шарғы» деп аталады. Яғни, ұзатылып жатқан қыз дәстүр бойынша құрбыларына, сіңлілеріне үкі немесе қызыл орамал сыйлап кетеді. Бұл, бір жағынан, ендігі кезек сенікі деген мағынаны білдіреді. Ал құрбым маған үкі сыйлағанда, өзімнің де бойжетіп қалғанымды сезіндім, – дейді Гүлнара. Қазақ тойларында қолданысқа енгізілген осы салт-дәстүр еуропалықтарға еліктеп гүл лақтыру рәсіміне нүкте қойған секілді.

Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақтарға қарата айтқан «…Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деген қанатты сөзі әлі күнге ел аузында. Халқымыз бойтұмардай бағалаған үкінің кие-қасиеті осындай. Үкінің қауырсыны бақыт, олжа, жақсылық әкеледі деген сенім бар. Қазақылығымызды айшықтайтын осынау ұмыт бола жаздаған әдет-ғұрыптар ұлттық рухымызды биіктетіп, санамызды жаңғыртары сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА  

Один комментарий

  1. Ляззат Салауатқызының қаламынан шыққан əр мақаласы мазмұнды, мəнді, ықыласты, ынталы дүние. Салт-дəстүрдің керемет танымдық дүниесін ашып жазған шығармашылығына табыс тілеймін.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *