Алдағы оқу жылында Орал қаласының үш мектебінде «Жас сарбаз» сыныптары өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда деп хабарлайды БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда облысымызда әскери-патриоттық тәрбиеге үлкен мән берілуде. Өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік сезім ұялату, азаматтық жауапкершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеу бағытында Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылдың 6 маусымында ҚР Қорғаныс министрі мен облыс әкімі «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» туралы меморандумға қол қойған. Бұл – Елбасы тапсырмасына орай «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгіленген жастар саясатын іске асыруға бағытталған жұмыстардың бірі.
Биылғы 2019-2020 оқу жылында облыс аудандарының мектептерінде, сондай-ақ Орал қаласында үш бірдей «Жас сарбаз» сыныптарын ашу көзделген. Қалада «Жас сарбаз» сыныбы №5, 12, 47 мектептерде ашылады деп жоспарланған. Оған 5-9 сынып аралығындағы оқушылар мүше болады деп күтілуде.
«PULS» ақпарат