Ашықтық – адалдыққа бастайтын қадам

Қоғамдағы жемқорлықты түбегейлі жоюға бағытталған шаралар елімізде көптеп өтуде. Соның бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер жобасы аясындағы біркүндік семинар бүгін Оралда ұйымдастырылды.

Бұл жобаны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорымен бірлесіп қолға алыпты. Басқосуда алдымен сөз алған БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев еліміз бойынша ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында өткізіліп жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар өңірімізде құрылған арнайы мониторингтік топтардың жұмысынан хабардар етті.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин өңіріміздегі жең ұшынан жалғасқан осы бір індетті құрықтауға, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған жобалар жөнінде айтып өтті. Облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Ақжайық – адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Адал жол», «Есіктен – есікке», «Парасыз болашаққа – бірге», «Парасаттылық мектебі», «Қоғамдық бақылау» сынды жобалардың берері мол. Айтуынша, көп жағдайда түсінік жұмыстарының да тигізер септігі зор. Азаматтарды адалдыққа тәрбиелейтін қадамдар жауапты сала қызметкерлерінің парадан бас тарту оқиғаларына бастайтыны қуантты.

– Бүгінгі семинарға қатысушылар өңіріміздегі әр түрлі шараларға бей-жай қарамаса дейміз. Себебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әр адамның қатысуын талап етеді, – дейді Біржан Марданұлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектепті ұйымдастырушы «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиянның айтуынша, бұл семинарға қатысуға Қазақстанның 18 қаласынан 800-ден астам тыңдаушы өтініш білдірген. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер жобасы әлемдік деңгейде бірінші рет өткізілуде. Халықаралық сарапшылар қалаларды аралап, әр саладағы азаматтық белсенділерді құқықтық сауаттылық негіздеріне оқытады. Төрт сессиядан тұратын біздің мектепте жемқорлықпен күрестің әлемдік және қазақстандық жүйесі, тиімді тұстары мен кемшіліктері, азаматтардың әрекеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар түсіндіріледі, – деді ол.

Бұл шара туралы азаматтар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстардан хабардар болыпты. Ұйымдастырушылар жазғы мектепке қатысуға өтініш білдірген тұғалардың алға қойған мақсаттары мен жұмыстарына назар аударған. Оралдағы біркүндік семинарға түрлі сала өкілдерінен құралған 43 адам қатысты.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *