Тоғыз спортшы да – жүлдегер

13-15 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы ҚР чемпионатында жерлестеріміз жақсы өнер көрсетті. Нәтижесінде олар төрт алтын, төрт күміс және бір қола жүлдені иеленді.

Ел чемпионатына өңірлерден әр түрлі жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесіне байланысты 250-ден астам спортшы қатысқан. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған ардагер дзюдошылар Қайсар Құсайынов, Қазболат Құрмашев, Қайыржан Баймағамбетов, Бердіғали Төлегенов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал Ғанимат Жұбашев, Рашид Наурызәлиев, Мұратжан Жұматов, Рамазан Нұрмашев – екінші орынға табан тіресе, Қаймен Есендияров үшінші орынды қанағат тұтты.

Елордадан алтыннан алқа тағып қайтқан жеңімпаздардың бірі – тасқалалық Қайыржан Баймағамбетовті бүгін шәкірттері теміржол бекетінен қарсылап алды.

Жарыста 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан, биыл 67 жасқа аяқ басқан балуан – КСРО спорт шебері, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі төреші, ұзақ жылдар спорт саласында ұстаздық және басшылық қызметте жемісті еңбек еткен. Осыдан екі ай бұрын ғана Түркістанда өткен самбо күресінен ел чемпионатында алтын медальды жеңіп алған екен. Дегенмен, өзінің жанына дзюдо күресі жақын екенін айтты. – Біздің мақсатымыз – жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, оларды тәрбиелеу. Шәкірттерімізге үлгі болу үшін қатардан қалмауға тырысамыз, – дейді жеңімпаз ардагер.

Енді жеңімпаздар алдағы қазан айында Марокко елінде өтетін Әлем чемпионатына қатысады деп жоспарлануда.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *