Деніміздің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондықтан, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілін де астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің жеміс-жидектердің қауіпсіздігі көрсетілген сәйкестендіру рұқсаттамаларынсыз саудаға өтіп кетуі.
Жаздың алғашқы айынан барлық сауда орындарында жеміс-жидектер мен көкөністердің сауда-саттық уақыты басталады. Өнім көзге көрнекті болып піскенімен, олардың әрдайым сапалы өнім екені куәландырмайды. Сол себепті жайма шуақ жаз күндері басталысымен мезгілінен бұрын піскен жеміс тұтынарда сақ болғаныңыз жөн. Өйткені тағамнан улану фактісі тіркелу қаупі бар.
Жаз мезгілінде бақша өнімдері арасындағы әсіресе қауын мен қарбыздан улану фактілері кездесуі мүмкін. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ қала тұрғындары бұл кездегі қарбыз бен қауынның адам денсаулығына қауіпті болу мүмкін екендігін есте сақтаған жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі тамыз айына қарай пісуі тиіс. Өнімнің ерте пісуі оның құрамында жинақталған нитраттың көп мөлшерде болуымен сипатталады. Талап бойынша, нитраттың негізгі шектік көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг дейін қалыпты деп саналады. Ал артық нитраттың ағзада жиналуы бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келуіне, иммунитеттің төмендеуіне негіз болуы мүмкін.
Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы бау-бақша өнімдерін рұқсат берілген базарларда және сауда орындарда, дүкендерде, супермаркеттерде, пісетін мезгілі жеткен кезде алуға кеңес береді. Аталған жерлерде бау-бақша өнімдерінің қауіпсіздігі көрсетілген сәйкестендіру декларациясы мен сертификаты болады. Сонымен қатар, өнімді алар кезде жоғарыда көрсетілген құжатты көрсетуді талап еткен абзал. Сатып алар кезде өнімнің бүтіндігіне, түсінің бұзылмауына, балғындығына мән беру қажет. Егер бау-бақша өнімдерін тұтынғаннан кейін сіз өзіңізді жайсыз сезініп, дене температураңыз көтеріліп, құсу, іш өту белгілерін байқасаңыз, өз-өзіңізді емдеумен айналыспай сол мезетте дәрігерге хабарласыңыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы маманы Губайдуллиева Гүлдана Губайдуллиевна