Өткен аптада «Қайсар» патриоттық шатырлы лагері салтанатты түрде жабылды деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Лагерьдің жабылу салтанаты облыстық балалар мен жасөспірімдердің «Атамекен» лагері базасында өтті. Орал қалалық полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшылығы бұл жолғы демалыс сәтіне басқармада есепте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын таңдап алды.
Мақсат – балғын шағында шалыс басып, түрлі ұсақ құқық бұзушылыққа жол берген немесе мектепке бармай, білім алуға құлықсыздық танытқан жасөспірімдерге көңілді демалыс сыйлау. Олардың бойындағы патриоттық сезімді ояту, ойымен санасу, замандастарымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік туғызу, табиғат аясында серуендету, қиындықтарды жеңе білуге тәрбиелеу, ұжымдасып жұмыстануға баулу.
«Қайсар» патриоттық лагерінің жабылу салтанатында спорттың түр-түрінен спартакиада ұйымдастырылып, жасөспірім өз шеберліктерін сынға салды. Командаларға бөлініп өзара жарысқа түскен «қайсарлықтар» алыс қашықтыққа жүгіру, граната лақтыру, нысанаға көздеп ату, күркені санаулы уақытта құрып-қайта бұзу, тоғай ішінде алау жағып-ас пісіру сынды кезеңдерде бақтарын сынады.
Нәтжесінде 1-орынды Абат Ихсанов (№46 орта мектеп), Ернар Илесхан (№22 ОМ), Данияр Усахов, Ермек Өтеген (№45 ОМ) – үшеуі жеңіп алды. Жүлделі 2-орын №49 орта мектептің оқушылары Бексұлтан Азамат, Руслан Аманғалиев, Нұрберген Жексенов, Әділет Талаптияровтарға бұйырды. Ал 3-орынға Серебряков орта мектебінің оқушысы Әлихан Қаракенжиев, Круглоозерное орта мектебінің оқушысы Эльдар Төлебергенов, №47 орта мектептің оқушысы Әлихан Нұрланұлы, №9 орта мектептің оқушысы Темірхан Жумиев қол жеткізді.
– Спартакиада ойындарына жасөспірімдер үлкен ынтамен қатысты. Оларға алғыс хаттар беріліп, барлығына тәттілер үлестірілді. Бала тәртіпті жолға түссе, біздің де қызметіміздің нәтижелі болғаны, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова.
«PULS» ақпарат