«Жігерліктер» жеңіспен келе жатыр

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған «Жігер» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.

Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Әскери-патриоттық жастар жиыны биыл Қарағанды облысының «Спасск» оқыту-жаттығу орталығының полигонында ағымдағы жылдың 17-22 маусымы аралығында өткен. Команда құрамындағы он ұл мен бес қыз бала жарысқа әскери қолданбалы спорт түрлерінен қатысып, жақсы ойын нәтижесін көрсеткен.

Атап айтқанда, әскери эстафетадан – І орын, жалпы әскерлік қорғаныш толымын киюден – І орын, арқан тартудан – І орын, ұлдар арасында әскери кросс (1500 м) – ІІ орын, пневматикалық қарудан атудан – ІV орын, қыздар дене көтеру жаттығуынан – V орын, ұлдар кермеге тартылудан – VI орын, автоматты бұзып жинаудан – VIII орын, «Менің роботым» сайысынан – VI орын, «Айбын дауысы» кезеңінде – VI орын иеленген. Осылайша жалпыкомандалық есеп бойынша 41 ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілген. Сонымен қатар қыздар арасында пневматикалық винтовкадан атудан жекелей  48 ұпаймен Әсем Төлегенова ІІ орынға қол жеткізді.

Команданың жетекшілері – Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары Манарбек Әмірғалиев пен Марат Аққалиев. Жерлестеріміз алдағы 26 маусымда жеңіспен Оралға оралатын болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *