Зияткерлік мектеп шәкірттері Ақ Жайықта болды

Орал қаласында Нұр-Сұлтан және Қарағанды өңірлеріндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттерінен құралған «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы өз жұмысын аяқтады деп хабарлайды Оралдағы Елбасы мектебінің баспасөз қызметі.

Жас зияткерлер бір апта бойы батыс өңірінің тарихи жерлерін аралап, өндіріс орындарымен танысқан.

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Айдыналиеваның айтуынша, аталмыш экспедицияның құрамына оқу жылы барысында үздік нəтиже көрсеткен шаңырақтың оқушылары алынған екен. – Бұл – әр баланың еліміздің өңірлерін көруіне таптырмас мүмкіндік. Биылғы экспедицияның тақырыбын «Рухани жаңғыру – жас ұрпақтың бағдары» деп алдық. Жаңғыру ұлттық кодты сақтаудан басталатынын білеміз. Біз де жас ұрпаққа кең байтақ еліміздің батысындағы бір бұрышын танытуға тырыстық, – дейді ол.

Үздік зияткерлер сапардың алғашқы күнінде шаһардың ең басты жерлерімен танысып, өңірдің көне шежіресі мен бүгінгі келбетін зерделеген. Еліміздегі іргелі оқу орны – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында  оқушылар тарих ғылымдарының докторы, Мұрат Сдықовпен кездескен. Ғалым экспедиция мүшелеріне Батыс Қазақстан археологиясының зерттелу тарихы және бүгінгі дамуы туралы кеңінен әңгімелеп береді. Сонымен қатар экспедициялық топ облыс орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Жайық қалашығында, Күнбатыс Алаш Орданың орталығы болған Жымпиты елді мекенінде, әлемдегі ең кіші сарқырама бастауы орналасқан Шыңғырлау ауданында болған.

Өзінің осы сапардан алған әсерімен бөліскен астаналық Айша Ергельдинова: – Менің ғылыми жұмысымның тақырыбы Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовке арналған еді. Сондықтан бұл экспедиция мен үшін жаңалықтарға толы болды. Алаш тақырыбын зерттеп жүрген тарихшы ғалымдармен кездестім. Жаһанша бабамыздың  ізі қалған киелі өлкеге бардым. Әсерім керемет, – дейді.

Тағы бір айта кетерлігі, қаламыздағы Елбасы мектебінің шәкірттері өз кезегінде Қарағанды өңіріне сапарлапты. Жалпы Қазақстанның өзге қалаларындағы он зияткерлік мектепте дәл осындай экспедиция ұйымдастырылған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *