«1 шілдеден бастап «7-20-25» бағдарламасымен жұмыс істейтін банктер 20% болатын бастапқы жарнадан артық соманы қабылдайтын болды» – деп хабарлайды «PULS» ақпараттық порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа талап бойынша клиент 20%-дан артық қаржы төлесе, оның негізгі борыш сомасы азайып, банктердің төлем қабілетіне қоятын талаптары төмендейді. Бұған дейін баңғдарлама талабы бойынша бастапқы жарнадан артық сома төлеуге болмайтын.
«Баспана» ипотекалық ұйымы серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қанат Әбдірайымовтың айтуынша, бағдарламаның бұрынғы талаптары тұтынушы үшін тиімсіз болған. Өзгеріске сай азаматтар бастапқы жарнаны артық төлеуі арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады. Сонымен бірге банктер үшін кредиттік тәуекелдер де төмендейді. Бұл өзгеріс қазақстандықтардың қалауын ескере отырып жаңартылған.
Қазір «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктер тиісті дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Бағдарлама аясында ЦентрКредит, Сбербанк, Халық банк, АТФБанк, Jýsan bank, Bank RBK, Еуразиялық банк және ForteBank несие береді.
Гүлзинат ҚИБАТОВА