Саяжайдағы ұрлық ашылды

Ағымдағы жылдың 8 маусымында Орал қалалық полиция басқармасына қаладағы бір ірі саяжай қоғамында бірнеше  ұрлық фактілері орын алып, күдіктінің саяжайда тұрып жатқаны туралы жедел мәлімет қабылданды. Осы хабарлама бойынша бірнеше рет қылмыс жасаған күдікті қолға түсті деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі. 

«Малиновый сад» саяжай қоғамының тұрғындарынан түскен суыт хабар  бойынша  атқа қонған тәртіп сақшылары аталмыш саяжайды және іргелес орын тепкен «Коммунальник» саяжай қоғамдарын мұқият тексеріп шығады. Жіті қадағалау мен іздестіру шаралары барысында бірнеше қылмыс жасаған күдікті В. есімді азамат өз мекенжайынан  құрықталған. Оның үй-жайы мен ауласын тексерген жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары, басқарманың жедел-тергеу тобы ұрланған заттар мен жеке мүліктердің үстінен түскен. Бұлтартпас  айғақ  заттары тәркіленген күдікті ұрлыққа барғанын мойындады. Оған қоса үйінен есірткі тектес зат пен   шолақ мылтық тәркіленіп, арнайы сараптамаға жіберіліпті.

Орын алған оқиғаларға келер болсақ, 1977 жылы туған, еш жерде жұмыс жасамайтын, «Малиновый сад» саяжай қоғамының В. есімді тұрғыны «Никель» саяжай қоғамындағы бір үйден бейнекамера ұрлаған. Соның салдарынан үй иесіне 90 мың теңге шығын келтіріпті. Тәртіп сақшылары бейнекамераны тәркілеп, иесіне тапсырды.  Мұнымен тынбаған күдікті өзі тұратын саяжай қоғамындағы бір үйдің есігін бұзып кіріп, моторлар жиынтығы мен «Бирюса» тоңазытқышының электр моторын да қолды қылған. Нәтижесінде оралдық 1936 жылғы зейнеткерге 210 мың теңге шығын келтірген. Тағы бірде «Коммунальник» саяжай қоғамындағы бір үйдің пластик терезелерін сындырып үй ішінен су жіберетін моторды, перфораторды, ағаш кесетін құралды, 150 метр изовер сынды жеке мүліктерді ұрлаған. 1989 жылғы  саяжай иесінің бұл заттарының құны 163 мың теңгені құраған.

Бүгінгі күні қалалық полиция басқармасы күдіктінің өзге қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға  қатысы бар-жоғын анықтау  мақсатында тергеу амалдарын жүргізуде.  Күдікті деп танылған тұлға 17 эпизодпен ұрлық жасағаны, заңсыз қару және есірткі тектес зат сақтағаны үшін айыпталып, тергеу изоляторына қамалды.

Көп эпизодты ұрлықтың ашылуына қалалық жергілікті полиция қызметіне қарасты №9 учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Марат Байарыстанов, учаскелік  полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Медет Рахадилов, тәуліктік кезекшілікте болған жедел-тергеу тобындағы тергеуші, полиция майоры Талғат Жүсіпқалиев, криминалист, полиция аға лейтенанты Қолғанат Аққұнанов, жедел уәкіл, полиция старшинасы Ринат Биғалиевтің зор септігі тиген. Орал қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іске қатысты барлық мақсатты материалдар жинақталып, одан әрі  сотқа жолданатын болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *