Бүгін, яғни 18 маусым күні Қазақстан үкіметі келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ БҚО бойынша филиалы.
«Аталған екі пакеттің айырмашылығы қандай? Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Мысалы: шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайға душар болған науқастарға көмек көрсету т.б. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды» деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. ТМККК пакетінің жаңа нұсқасын дайындау барысында тізімге енген барлық қызмет түрлері жан-жақты сарапталған.
Министрдің айтуынша, пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы медицина саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеген. Қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері жан-жақты талқыланған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізген еліміздің бас дәрігері МӘМС жүйесін енгізуге дайындық жоғары деңгейде екенін мәлімдеді. Ал жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде пилоттық режимде іске қосылады деп жоспарлануда. Сәйкесінше, түйткілді мәселелерді 2020 жылға дейін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізгенге дейін шешуге мүмкіндік болады дегенді қоса мәлімдеді министр. Жүйе 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында іске қосылатын болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. – Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді, – дейді филиал басшысы. МӘМС пакеті: консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.
Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы болып табылады. ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, МӘМС пакетіне енетін қызметтер – қордың активтері есебінен сатып алынады.
Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылып, оның ішінде батысқазақстандықтардың жарна аударымдары 5,6 млрд. теңгені құраған. «Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады» делінген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ БҚО бойынша филиалы жіберген баспасөз мәлімдемесінде.
Ләззат ҚАЖЫМОВА