Жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы мәлімдеді.
Бұл күні өз еркімен қан тапсыратын және ол үшін бір тиын да ақы алмайтын, сол арқылы талай адамды ажал аузынан арашалап алуға септігін тигізіп жүрген азаматтарға алғыс айту дәстүрге айналған. Оның үстіне, бұл күн қан тапсырудың денсаулыққа пайдасы мен зәру жандарға қолұшын беру қажеттігі жайлы жан-жақты ақпарат таратып, жұртшылықты игі іске көптеп жұмылдыруға көмектеседі.
Ересек адамның ағзасында 5,5 литрге жуық қан бар. Бір рет қан тапсырғанда донордан 350-450 миллилитр қан алынады. Мұның адам ағзасына тигізер пайдасы да зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратындардың өмірі шамамен бес жылға ұзарады.
Бұл қоғамға ғана емес, донордың өзі үшін де тиімді. Денсаулыққа пайдасын былай қойғанда, донорға бірқатар артықшылықтар беріледі. Мәселен, ВИЧ/СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды талдау түрлерін тегін тапсыруға мүмкіндік алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақтан, жұмыскерлер қызметтен босатылады. Бірақ жалақысы толық төленеді.
Алматы қаласында тұратын Александр Скаковскийдің тұрақты түрде қан тапсырып келе жатқанына 48 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде ол 1090 рет қан тапсырған. «Халық қаһарманы» сыйлығының лауреаты бүгінде – 72 жаста. Александр Скаковский сынды бірегей плазма иесінің бірі Австралияда тұрады. Джеймс Харрисон өмірінде 1173 рет қан тапсырып, екі миллионнан астам сәбиді аман алып қалуға көмектескен. Оның қанында резустар сәйкес келмеген жағдайда таптырмайтын, D резус-факторы антигеніне қарсы әрекет ететін сирек антиденелер бар. Қызыл крест ұйымының мәліметінше, 1967 жылы осы резустар сәйкессіздігінен жыл сайын мыңдаған австралиялық бала көз жұматын. Былтырғы жылы 81 жасқа толған Дж.Харрисон заң талабы бойынша қан тапсыруды тоқтатқан.
Донордың жасы ең алдымен 18-ге толған болуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өкізіледі. Ал гепатит, сифилис, туберкулезбен ауырғандар, ВИЧ-індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Сонымен қатар, донор бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы ауруларға шалдықпаған болуы тиіс. Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдерде – 110 г/л, еркектерде – 120 г/л) уақытша донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар, эндемиялық аудандарға барып келгендердің донор болуына уақытша шектеу қойылады.
Қан тапсырардан бір күн бұрын және таңертең майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет. Түнгі ауысымнан шыққаннан кейін демалып алмай, қан тапсыруға болмайды. Ауыр зат көтермеңіз. Қан тапсырар алдында темекіден үш сағат, алкогольден 48 сағат бұрын бас тарту керек. Қан орталығына баратын күні таңертең тәтті шай, шырын, газдалған сусындар ішіп, нан-тоқаш өнімдерін жеуге болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА