Елордада қолға алынған «Адалдық алаңы» жобасының аймақтардағы балама нұсқасы бүгінде кеңінен таралуда. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева мәлімдеді.
–Жобаның қызмет аясы күн санап артып келеді. Басты мақсат – елімізде тұрмыстық жемқорлықты жою. Негізгі жетістік – халықты адалдыққа, әділдікке жетелеп, олардың азаматтық позициясын айқындауына мол септігін тигізуде, – деді департамент басшысы.
Жоба аясындағы «Адалдық дүкендері» тәжірибесі шет елдерде бұрыннан қолданылады. Алматыдағы супермаркеттердің бірінде «Адалдық» кассасы өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Метроға өтуге арналған турникеттер де адалдық принципімен жұмыс істеуде. Жолаушыларға жол ақысын төлеуге кедергісіз жүйе жасақталды. Олар жолақыны банктік карта арқылы төлеп, метроға өте алады. Соңғы мониторинг қорытындысы бойынша метромен тегін жүретін жолаушылар саны азайған. Бұл жүйе азаматтардың бойындағы игі қасиеттерді тәрбиелеуге негіз болуда.
Атыраудағы жергілікті Полиция департаментіне қойылған «Адалдық айнасынан» әр қызметкер жұмысқа кірісерде жақын туыстары мен бауырларының суреттерін көре алады. Бұл олардың заңға қайшы әрекет жасаудан бұрын ойлануына мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша open space форматында қызмет ететін әкімдіктер тек Елордада ғана емес. Алматы облысындағы ауылдық әкімдіктерде «safe zone area» құрылуда. Мұнда тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ wi-fi желісімен қалааралық қоңырау шалуға, компьютер және принтермен жұмыс істеуге мүмкіндік ала алады. Ауылдық әкімдіктерде әрбір үшінші жұмада азаматтарды қоғамдық қабылдау жүргізіліп, электронды үкімет порталын қолдану жолдары үйретіледі. Бұл күндері жергілікті орган басшылары ауыл тұрғындарымен бірге ортақ бюджетті оңтайлы жүзеге асыру бағытында жиындар ұйымдастырады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары және қалалық басқарма басшыларының жұмыс кабинеттері ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. «Адалдық алаңы» жобасы ұсынған мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен қолжетімділігі сынды идеялар жан-жақты қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиында «Адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыруда әкімдерге тікелей тапсырма берді. Бұл тың идеяларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Бір аймақта сәтті жүзеге асқан бастама өзге өңірлерге тарап, бүкіл республика бойынша оң нәтижеге қол жеткізілуде. Мәселен, 2018 жылы ел астанасында бастау алып жүзеге асқан көптеген бастамалар бүгінде басқа аймақтарда кеңінен таралуда.
Медицина саласындағы түйткілді мәселелер бүгінде оң шешімін табуда. Қарағанды облысының медициналық мекемелерінде «сенім киоскілері» құрылды. Call-орталық арқылы мамандармен тікелей байланысқа шығатын терминалдар жұмыс істеуде. Сондай-ақ бейнеөтініштер жазу мүмкіндігі де қарастырылған.
Мектептердегі жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жұмыстар да белсенді атқарылуда. Солтүстік Қазақстан облысында білім беру мекемелеріне демеушілік көрсеткендердің ашықтығын қамтамасыз ететін смарт-банкинг қосымшасы жасақталды. Ақмола облысында оқушыларды сыныпқа бөлуде цифрлық жүйе қолданылады.
Жоба кеңселеріне кез келген азамат жүгіне алады. Facebook, Instagram әлеуметтік желілері және whatsapp нөмірі арқылы байланысуға мүмкіндік бар. Өтініштер аптаның әр күні тәулік бойына қабылданады. Ашықтық принципі негізінде кеңсеге әр адам жеке мәселелері бойынша көмекке жүгіне алады. Ол үшін арнайы өтініштер жазып, кеңсеге тіркелудің қажеті жоқ. Егер мемлекеттік органдар заң бойынша 15-30 күн ішінде мәселеңізді қарастырса, жоба кеңсесі аз уақытта шешімін табуға тырысады.
Еліміз бойынша әр мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылған. Елордадағы «Адал ұрпақ» және «Жас ұлан» республикалық мектебінің мүшелері әлеуметтік желілерде мектеп бітіру кешінің форматын өзгерту мақсатында жаңа челлендж таратуда. Ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатындағы бастаманы Алматы, Шымкент, Көкшетау, Ақтөбе, Түркістан, Тараз, Алматы облыстары қолдады.
Агенттік төрағасының тапсырмасымен орталық атқарушы органдар елордадағы «Астана – адалдық алаңы» жобасының тәжірибесін қолдануда. ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Ерұлан Жұмабаевтың басшылығымен министрлік ұжымы жоба кеңсесімен бірлесіп кеңсе ашу жұмыстарын бастап кетті.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету – әрқайсысымызға жүктелген міндет. Адалдық алаңы белсенді азаматтарды қашан да өз қатарына қосуға асығады.
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
агенттігі облыстық департаменті