Мешіт жамағаты арасындағы жарыс

Оралдағы Тәжиден Батырұлы мешітінің бас имамы Мейрамбек Әбдірахманов өткен аптада жұмыс сапарымен Бөрлі аудандық мешітінде болып, жамағатпен жүздесті.

Ақсай қаласындағы мешітте болған Мейрамбек Әбдірахманов жұма намазына қатысып, «Ислам – бейбітшілік діні» тақырыбында уағыз айтты.

Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде ең соңғы кемеліне келген, әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткені – Ислам діні. Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дінін білген адамға – тегі, тегін білген адамға – діні ешқашан жат саналмайды. Ислам діні – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбар  арқылы жіберген ақиқат жолы, – деген Орал қаласының бас имамы аталмыш тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті.

Дін саласының өкілі Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан-2» операциясы жөнінде айтып өтті. Бұл операцияның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің халықаралық аренадағы жоғары беделінің, еліміздің бейбітшілік бастамалары мен қағидаттары негізінде жүзеге асқанын жеткізді.

Жұма намазынан соң Бөрлі аудандық мешітінде «Құран түскен Рамазан» атты Құран кәрімді жатқа оқу сайысы өтті. Қазіргі таңда «Сендердің жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадиске амал етушілер қатары көбейіп келеді. Бөрлілік мешіт жамағаты арасында өткен сайысқа 13 үміткер қатысты. Дәстүрлі құран жарысын Бөрлі аудандық мешіті мен  «Парасат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.  Жарыс талабына сәйкес қатысушылар құран кәрімді жүзінен оқу және өзі жатқа білетін сүресін жатқа оқу арқылы  екі кезең бойынша бақтарын сынады.

Сайыс қорытындысы бойынша А.Задыгер – үшінші орынды, Б.Мырзағалиев – екінші орынды, Е.Ербөлеков – бірінші орынды иеленді. Ал бас жүлде Муджәләдә сүресін жатқа оқып, төрешілердің талаптарынан мүдірмей өткен  ең жас қатысушы 13 жасар Садурдин Сатаровқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Үміт ЖӘҢГІРОВА,

Бөрлі ауданы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *