Елбасы мектебі бесінші түлектерін ұшырды

Бүгін Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері де үлкен өмірге қанат қақты. Мектептегі соңғы қоңырау салтанаты шарасына облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Шолпан Қадырова қатысты.

Мектеп ұжымын, жас түлектер мен ата-аналарды оқу жылын сәтті түйіндеулерімен құттықтаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы: – Соңғы қоңырау кеші – мектеп тарихына енетін қуанышты оқиға. Түлектер өздерінің алтын ұяларымен қоштасса, ал ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Білім – қоғам игілігі. Оның нәтижесі – мемлекет үшін маңызды. Елбасымыз Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өтті. Елдің экономикалық өсуінің жаңа модельінің ортақ буыны – білім екенін айтты. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі – мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болатыны жоспарланды, – дей келе, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде де білім саласын дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Айталық, осыдан бес жыл бұрын қазынадан білім саласына 45 млрд. теңге қарастырылса, бүгінде бұл қаражат 20 млрд.-қа көбейген. Өңірімізде қызмет атқаратын 12 мыңнан астам педагог үшін де жағымды жаңалық молынан. Биыл елімізде Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар оқытушылардың жалақысын көтеру туралы жаңалық та ұстаздарды қуантқаны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өңірімізге жұмыс сапары барысында үш ауысымды мектептерді жою, үш тілде оқыту жүйесіне көшу мәселеріне айрықша назар аударған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Шолпан Қадырова да бір кездері өзі басшылық еткен қадірменді ұжымы мен оқушыларға жылы лебізін жеткізіп, әр кез оларды қолдап жүретін ата-аналарды да құттықтады.

Елбасы мектебінің биылғы оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталған Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешовтің айтуынша, биыл шәкірттердің жетеуі – халықаралық, 53-і – республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының, түрлі сайыстардың жеңімпазы атанған. – Біздің шәкірттеріміз білікті ұстаздардың еңбектерінің нәтижесінде биік асуларды бағындырды. Биылғы мектеп түлектерінің өзі алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленді. Олардың арасында бірден бірнеше университеттен шақырту алған оқушыларымыз бар, – деген Тимур Сейітқажыұлы үлкен өмірге жолдама алатын шәкірттеріне сәтті сапар тіледі.

Салтанатты шара барысында үстіміздегі оқу жылында мектептің мерейін үстем еткен ұстаздар мен оқушылар марапатталды. 10-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы «Жылдың үздік оқушысы» аталымымен марапатталса, «Алаш» шаңырағы «Жылдың үздік шаңырағы» аталды. Сонымен қатар «Жастар жылы – жаңа леп, жаңа толқын» атты композициялық көрсетілімде шаңырақ оқушыларының әр саладағы жетістіктері айшықталды.

2018-2019 оқу жылын оралдық Елбасы мектебі 7-12 сынып аралығындағы 579 оқушымен тәмамдаса, соның 71-і – мектеп қабырғасынан түлеп ұшатын ұл-қыздар.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *